Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
31.05.2018

Мәжілісте Бала құқықтары жөніндегі уәкіл атқарған жұмыстар туралы баяндады


Астана, 31 мамыр, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысы аясында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева 2017 жылы атқарған жұмысты қорытындылады.

Отырыста бала құқығы жөніндегі уәкіл еліміздегі балалардың тағдырына,  оларға қатысты зорлық-зомбылық пен өз-өздеріне қол жұмсау деректері мен қолданған шаралары туралы кеңінен баяндады.

-              Жыл сайын суицидтің салдарынан балаларды жоғалтудамыз. Дегенмен, суицид бойынша төмендеу де бар. Егер 2013 жылы 200 бала өзіне қол жұмсаса, 2017 жылы 136 бала суицид жасады. Нені дұрыс жасамай отырмыз? Мемлекеттік шаралар неліктен толықтай қанағаттанарлық нәтиже әкелмейді. Бейбіт өмірде, соғыссыз, снарядтар мен оқ атусыз балалардың өлімі орын алады. Ең қорқыныштысы, балалар туған-туыстарының, жақындарының ортасында, ауруханада, мектепте, аулада көз жұмады. Бұл аумақтар қауіпсіз, жайлы және қорғалған болуы тиіс», - деді З. Балиева.

Осыдан екі жыл бұрын Үкіметтің қолдауымен еліміздегі балалардың жанайқайына құлақ түретін 111 төтенше жағдайлар жөніндегі қызметі құрылды. Бүгінгі таңда балалар мен жастарға арналған жедел желінің жұмысы кеңейіп, азаматтардан түскен өтініштер саны артып, нақты балалар мен отбасыларға көмек көрсетілді, жүздеген балалардың өмірі құтқарылды.

Осы ретте, З. Балиева «111» шұғыл қызметінің жұмысы нығая түскенін жеткізді.

-                      Бұл телефон жақында америкалық «911» сенім телефонының аналогы болады деп үміттенемін, өйткені бізге балалар ғана хабарласпайды. Тіпті кейбір әріптестерім көп телефондардың ішінде «111» сенім телефоны ғана жылдам жауап берген жағдайлар туралы айтты. Біз соның арқасында адамдардың өмірін құтқарып қалдық. Осы сенім телефоны арқылы 2017 жылы 104 бала суицидтен құтқарылды», - деді.

 Балалар құқығы жөніндегі уәкілдың бастамасымен және депутаттық корпустың қолдауымен Үкімет 2017 жылдан бастап балалардың құқықтарын қорғау бойынша алғаш рет мемлекеттік гранттар бөлді.

Гранттық қолдаудың арқасында балалардың құқықтарын қорғау саласындағы ҮЕҰ-дың қызметі жандандырылып, қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға әлеуметтік және құқықтық қолдау орталықтары ашылды. Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар балаларға көмек көрсетіліп, ақпараттық бейнелер жасалды, балалар мен жастарға олардың құқықтары мен міндеттері туралы әдістемелік брошюралар, балалардың қажеттіліктері туралы әлеуметтік сауалнама, балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мамандар үшін тренингтер және тағы басқа да шаралар ұйымдастырылды.

Айта кету керек, 2016 - 2017 жылдары Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институтының дамуы Мемлекет Басшысының 2016 жылғы 10 ақпандағы «Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институтын құру туралы» Жарлығына сәйкес, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Бала құқықтары туралы» Заңда баяндалған қызметтің негізгі принциптері негізінде жүзеге асырылды.

Бала құқығы жөніндегі уәкіл институтын құрудың басты мақсаты – балалардың құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін жетілдіру және Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясына мүше мемлекет ретінде халықаралық міндеттемелерді орындау болып табылады.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты Омбудсмен жоғары мәртебесi мен тәуелсiздiгiне ие: ол ҚР Президентінің Жарлығымен құрылды. Балаларға арналған Омбудсмен атқарушы биліктен тәуелсіз, Мемлекет басшысының Жарлығымен тағайындаған және тікелей Мемлекет және Парламент басшысына бағынады.

Бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл институт қызметі мемлекетпен және қоғаммен өзара бірлесе жұмыс істеуді заң негізінде қамтамасыз еткен. «Бала құқықтары туралы» Заңға бала құқықтары жөніндегі уәкіл институттың мандатын, мәртебесі мен құзыретін анықтайтын арнайы бап енгізілді.

Отырысқа депутаттар, балалар мен жастар қоғамдық бірлестіктерінің, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, халықаралық ұйымдардың, бизнес-қоғамдастық пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

 

(74-63-01, Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі