Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
05.06.2018

Мәжіліс 2017 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есепті қарады


Астана, 5 маусым, Мәжіліс үйі. Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда Үкімет пен Есеп комитетінің 2017 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері қаралды.

Жалпы отырыста депутаттар алдында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова баяндама жасады.

Отырыс барысында мәжілісмендер республикалық бюджеттің атқарылуын талқылау барысында көптеген өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, Есеп комитетінің қорытындысы бойынша Қаржы министрлігінің қарыздары кейбір жағдайларда оқыту, дөңгелек үстелдер өткізу сияқты ағымдағы шығыстарды жабуға, сондай-ақ отандық мамандарға  төлейтін төлемнен асып түсетін халықаралық сарапшыларды тартуға жұмсалатындығына назар аударды. Сонымен бірге аймақтарға мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржылардың бір келкі еместігі де депутаттардың назарынан тыс қалмады.  Депутаттың айтуынша ол өз кезегінде аймақтарды дамытуда және тиісті әлеуметтік қызметтерді алуда теңсіздіктер тудыруы мүмкін.  

Мәжіліс Төрағасы Н. Нығматулин мемлекет қаржысын тиімді пайдалану жұмысымыздың ең негізгі бағыттарының   бірі екенін атап өтіп, атқарылған жұмыстарға, сондай-ақ бірқатар кемшіліктерге де тоқталды.

Республикалық бюджет кірістерінің атқарылуына тоқталсақ, 2017 жылы республикалық бюджетке кіріс 9 691,8 млрд.теңгені немесе 100,9%-ды құрады.

2016 жылмен салыстырғанда республикалық бюджет кірістері 26,5 %-ға, оның ішінде салықтық түсімдер 13,4 %-ға, трансферттер 51,9 %-ға өсіп, салықтық емес түсімдер 46,4 %-ға, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер 44,2 %-ға төмендеді.

Республикалық бюджеттің шығындардың атқарылуы бойынша бюджеттік бағдарламаларды іске асыруға 99,8 % пайдаланылды.

Көзделген 10 698,6 млрд.теңгенің 10 677,5 млрд.теңгесі пайдаланылды, оның ішінде:

- 9 639,5 млрд.теңге – республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері орындаған шығындар (оның ішінде 1 258,7 млрд.теңге Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты);

- 1 038 млрд.теңге нысаналы трансферттер мен субвенциялар түрінде жергілікті атқарушы органдарға аударылды (оның ішінде 167,7 млрд.теңге Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты).

Бюджеттің «Шығындар» деген бөлімі бойынша төлемдер жөніндегі жоспар 21,1 млрд.теңге сомаға орындалмаған, оның ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметі резервінің бөлінбеген сомасы 3,4 млрд.теңгені құрады, бюджет қаражатының 2017 жылғы үнемдеу сомасы – 2,6 млрд.теңге, қорытындысында республикалық бюджеттік бағдарламалар бойынша игерілмеу сомасы 15 млрд.теңгені құрады.

Сонымен қатар бүгін депутаттар «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заң жобасын оған ілеспе түзетулерімен екінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасын әзірлеудің мақсаты адвокаттық қызмет пен заң көмегін көрсету жүйесін кешенді түрде жетілдіру болып табылады.

Сонымен қатар, заң жобасында құқықтық реттеудің негізгі бастаулары бекітіледі. Атап айтқанда, заң көмегі субъектілерінің құқықтық санасын арттыру арқылы құқықтың үстемдігін қамтамасыз ету; заңгер кәсібінің мәртебесін арттыру және нығайту; білікті заң көмегі мен сот төрелігіне қол жеткізуді жетілдіру; заң көмегін алушылардың мүдделерін қорғау және іске асыруға жәрдемдесу (клиентке бағдарланған заң көмегін ұсыну); заң көмегін көрсету (заң көмегін ұсыну) саласында бәсекелестікті дамыту және қолдау; тәуелсіз, кәсіби әртараптандырылған және тиімді заң қоғамдастығының дамуына жәрдемдесу; бостандық және кәсіптік мінез-құлық пен кәсіптік әдеп қағидаттарын сақтауға бейімділікті көтермелеу; pro bono негізінде заң көмегін ұсыну үшін негіздер құру.

Заң жобасымен жұмыс барысында АҚШ-тан, Аустриядан, БҰҰ мен ЕҚЫҰ-дан келген халықаралық сарапшылармен бірнеше кездесу өткізіліп, сондай-ақ өткен жылы Жоғарғы Сот, Ұлттық Банк, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, әділет, ішкі істер, білім және ғылым, қаржы министрліктері, парламенттік емес партиялар, Республикалық адвокаттар алқасы, Республикалық нотариаттық палата, Қазақстан заңгерлері одағы және өзге де үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен заң жобасының таныстырылымы болды.

 

 (74-63-01, Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі, суретті түсірген Ж.Құспанов)

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі