Астана, 7 маусым, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжілісте Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің қатысуымен депутаттардың «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығымен кездесуі өтті. Отырыстың негізгі тақырыбы – 5 жыл бойы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметінің нәтижелері, сондай-ақ Қазақстанда бизнесті дамыту мәселелеріне арналды.
Мәжіліс Төрағасы кәсіпкерлікті дамыту үшін бес жылда маңызды заңдардың қабылданғанын айта келіп:
«Атамекен» Ұлттық Палатасы құрылып қана қоймай, бес жылдың ішінде үлкен нәтижелерге қол жеткізді. Бұл ең алдымен, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қамқорлығының, қолдауының және көреген саясатының нәтижесі. Сонымен бірге, «Атамекен» палатасы басшыларының, қызметкерлерінің де еңбегінің жемісі деп айтуға болады. Соның нәтижесінде, «Атамекен» өзінің еліміз үшін, халқымыз үшін пайдалы, қажетті ұйым екенін дәлелдеді. Ең бастысы – Қазақстанымыздағы барлық кәсіпкерлердің сенімді тірегіне айналды, - деді. Сондай-ақ, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» ұзақмерзімді стратегиясын іске асыру үшін отандық бизнесті шоғырландыру жөніндегі міндетін орындау бойынша белсенді жұмыс жасап, бизнес-қоғамдастық пен мемлекеттік органдардың өзара тиімді серіктестігін дамытып жатқанына тоқталды.
Отырыс барысында Палата Спикері Елбасының бес бастамасын орындауда депутаттар «Атамекен» ҰКП-мен белсенді жұмыс істеп, бұл тақырып бүгінгі күні өзекті болып табылатынын, себебі, ол біздің азаматтарымыздың өмірін жақсартуға бағытталғанына және бастамалардың бірі кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін шешуге мүмкіндік беретінін айтты.
Кездесуде «Атамекен» Төралқасының Төрағасы Тимур Құлыбаев «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызмет атқарған уақыттан бастап өзін бизнес пен билік органдары үшін барлық деңгейде тиімді диалог алаңы ретінде танытқанын атап өтті.
Қазіргі таңда «Атамекен» Қазақстанның барлық өңірінде – облыс орталықтарында, аудандар мен ірі қалаларда кәсіпкерлерге қызмет көрсетуде. Палата тиімділігі жоғары екі бағытта жұмыс істейді. Олар: бизнесті қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту. Кәсіпкерлердің қорғалған құқығының жалпы сомасы 111,3 млрд теңгені құрайды.
Әкімшілік кедергілерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде 584 түйткілді мәселе анықталды, оның ішінде 394 мәселе шешімін тапты (67%).
Алдағы уақытта - цифрландыру бойынша жұмыс жоспарлануда.
2016 жылы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Atameken Services» жобасын іске қосты. Инфрақұрылым жасалып, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмысының аясында 76 қызмет түрі автоматтандырылған. Пилоттық online-режимде 18 000-нан астам қызмет көрсетілді. Сервистік қызметтерді жетілдірудегі келесі қадам «Атамекен» алаңында құрылған «Бизнеске арналған Үкімет» жобасын әзірлеу болып табылады.
Отырыс барысында бизнес климатты жақсарту жөніндегі шаралар туралы «Атамекен» ғылыми-өндірістік кәсіпорнының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, адами капиталдың дамуы және бизнестің жауапкершілігін арттыру туралы - «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасарлары - Эльдар Жұмағазиев пен Рустам Жүрсінов баяндады.
Сонымен қатар кездесуде отандық бизнес мәселелері де көтерілді. Атап айтқанда, шағын және орта бизнестегі несиелік ресурстардың жетіспеушілігі және бизнесте жұмыс істейтін қызметкерлердің төмен біліктілігі.
Аталған мәселелерді шешу арқылы Елбасымыздың алға қойған 2050 жылға қарай елдің ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнес үлесі 50% -дан кем болмауы жөніндегі тапсырмасын орындауға қол жеткізе аламыз, - деді Н.Нығматулин.
(74-63-01, Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі. Суретті түсірген Жаслан Құспанов).
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі