Астана, 12 маусым, Мәжіліс үйі. Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитеті Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Агроөнеркәсіптік кешен саласында кадрлар даярлаудың және ауыл шаруашылығы өндірісінде IT-технологияларды енгізудің мәселелері» тақырыбында көшпелі отырыс өткізді.
Отырысқа Ауылшаруашылық вице-министрі Ерлан Нысанбаев, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Т. Есполов, Алматы облысы әкімшілігінің басшылық құрамы мен еліміздегі ЖОО профессорлық-оқытушылар құрамы мен университеттің докторанттары, магистранттары мен студенттері қатысты.
Кездесудің басты мақсаты - ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуда ғылымның маңыздылығын ескеру болып табылады.
Отырысқа қатысушылар университеттің оқыту-ғылыми инфрақұрылымымен танысып, Агротехнологиялық Хабтың Қазақстан-Жапония, Қазақстан-Белорусь Республикасы, Агроинженерлік, Су, Қазақстан-Корея, Тұрақты егін шаруашылығы сияқты инновациялық орталықтар мен ғылыми зертханаларында, сондай-ақ ИИДМБ шеңберінде мамандар даярлауға арналған Ғылыми-зерттеу зертханаларында, Агроөнеркәсіптіккешенді цифрландыру жөніндегі орталықта, коллекциялық бақта, инновациялық жылыжайда, Н. Назарбаев атындағы Білім беру және ғылым орталығында, «Аграрлық ғылымның, білім беру мен өндірістің интеграциясы» атты көрмеде болды.
ЖОО ғалымдары ғылыми білімдерімен, озық тәжірибесімен және ғылыми-зерттеу жұмыстарын өндіріске енгізудің нәтижелерімен бөлісті. Көрмеде аграрлық білім беру мен ғылымның интеграциясы шеңберінде ғылыми зерттеулердің нәтижелері ұсынылды. Сондай-ақ, студенттер өздерінің стартап-жобаларын көрсетті.
Көшпелі отырыс барысында депутаттар Алматы облысына барып, Қарасай ауданының Алмалыбақ ауылындағы «Егін шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы Қазақ ҒЗИ» ЖШС-де болды. Онда депутаттар Қазақстандағы қызылша шаруашылығының жай-күйімен және оны дамытудың перспективаларымен танысып, осы саланың проблемалы мәселелерін талқылады.
Аграрлық мәселелер комитетінің мүшелері Қарасай ауданының Қайнар ауылындағы Картоп өсіру шаруашылығы және көкөніс шаруашылығы Қазақ ҒЗИ-да болды. Институт қызметкерлері тамшылатып суару мен фертигация жүйелерін пайдалана отырып, көкөніс-бақша дақылдарын және картопты өсірудің инновациялық технологиялары туралы айтып берді.
Көшпелі отырыс барысында қатысушылар көпсалалы агрохолдинг «Байсерке-Агро» ЖШС-де және сүт пен балалар тағамының ірі өндірушісі болып саналатын «Амиран» Қазақ тамақтану академиясы» ЖШС зауытының «Амиран-Агро» сүт-тауар фермасында болды.
(74-63-01, Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі).
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі