Астана, 13 маусым, Мәжіліс үйі. Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда Палата мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша түзетулер мен Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) арасындағы ФАО-ның елімізде Байланыс және әріптестік жөніндегі бюросын құру туралы келісімді ратификациялау туралы Заң жобаларын мақұлдады.
Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы азаматтардың өзін-өзі реттеуді дамыту арқылы шешімдер қабылдау процесіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге, мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелес ортаға және өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беруге бағытталған.
Заң жобасы «Ұлт жоспары – 100 нақты қадамның» 97-қадамын іске асыру мақсатын көздейді. Осы ретте Мәжіліс Төрағасы: - біз Елбасымыздың Ұлт Жоспарын орындау жолында тағы бір маңызды қадам жасадық деуге болады. Президентіміз айтқандай, еліміздің дамуы - бірқатар мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беруді талап етеді.
Оның басты мақсаты – мемлекеттік органдардың уақытын үнемдеп, жұмыс сапасын күшейту. Осы орайда, бүгін мақұлданған заң жобасының орны да ерекше, рөлі де өте зор,-деді.
Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, ең бастысы – заң жобасы мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға берудің нақты белгіленген ережелерін бекітеді. Нәтижесінде бұл мәселеде бүгінге дейін орын алып келген жүйесіздікке, ретсіздікке жол берілмейді.
Депутаттар жұмыс тобы отырысы барысында заң жобасына экологиялық аудиторлық ұйымдарда міндетті мүшелігі бар, экологиялық аудит саласында өзін-өзі реттеуді және Экологиялық аудиторлық ұйымдардың біртұтас Ұлттық палатасын құруды көздейтін ережелерді уақыт талабына және мақсатқа сай еместігіне орай, заң жобасынан алып тастауға бағытталған түзетулер енгізді, өйткені шаруашылық және өзге де қызметтің І санаты үшін экологиялық аудит жүргізу қызметтің тәуекелі жоғары түрі болып табылады және оның нәтижелері халықтың өмірі мен денсаулығына байланысты болады.
Айта кетейік, осы заң жобасы арқылы 3 кодекске және 4 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі деп күтілуде.
Сонымен қатар осы отырыста депутаттар Қазақстан Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы арасындағы ФАО-ның Байланыс және әріптестік жөніндегі бюросын құру туралы келісімді ратификациялау туралы Заң жобасын мақұлдады.
Келісімде Қазақстан – ФАО Әріптестік Бағдарламасын одан әрі дамыту үшін бес басым бағыт белгіленген. Атап айтқанда, тағам өнімдерінің қауіпсіздігі және экологиялық жағынан таза тағам өнімдерін өндіру; ветеринария және мал шаруашылығы, жайылымдарды және фитосанитарияны басқару; табиғи ресурстарды орнықты басқару (су, жер және орман ресурстарын басқару); балық аулау және аквадақыл; ауыл шаруашылығы статистикасы, деректерді жинау және оларды өңдеу үшін ақпараттық технологиялар.
Жалпы отырыста Мәжіліс «Стандарттау туралы» және оған ілеспе Заң жобаларын, сонымен бірге «Білім туралы» Заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа алды.
Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары орталық мемлекеттік орган басшыларының атына депутаттық сауалдар жолдады. Олар Н.Жұмаділдаева, С.Бычкова, М.Пішембаев, Т.Сыздықов, И.Смирнова, Е.Никитинская.
(74-63-01, Ақпаратты Мәжілістің Баспасөз қызметі таратты. Суретті түсірген Жаслан Құспанов).
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі