Астана, 10 шілде, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісінің депутаттары Абзал Ералиев, Бақытбек Смағұл және Геннадий Шиповских Сыр өңіріндегі сапары барысында Жаңақорған ауданындағы СКЗ-U күкірт қышқылы зауытының жұмысымен танысып, жұмысшы ұжыммен кездесті.
«СКЗ-U» зауыты – күкірт қышқылын дайындайтын Сыр бойындағы ауқымды өндіріс орындарының бірі. Шетелдік озық әрі тиімді, қоршаған орта үшін қауіпсіз технологияларды қолданатын зауыт мемлекеттің үдемелі - индустриялды иновациялық даму бағдарламасы аясында 2007 жылы құрылып, 2011 жылы пайдалануға берілген. Тәулігіне 1500, жылына 500 000 тонна күкірт қышқылын өндіреді. Бүгінде мұнда 277 адам жұмыс істейді. Оның 65 пайызы жергілікті азаматтар.
Зауытта өнім өндірудің қуат үнемдеуші әдістері де кең қолданыс тапқан. Яғни, қышқылды өндіру барысында шығатын буды турбогенераторлар арқылы электр энергиясын өндіруге қолданып отыр.
Зауыт жұмысымен танысып, ұжым мүшелерімен кездескен халық қалаулылары кәсіпорын жұмысына ризашылықтарын білдірді.
- Уранның әлемдік қорының үштен бірінен астамы біздің елімізде шоғырланған. Оны өндіруде күкірт қышқылының рөлі зор. Бұрын еліміз күкірт қышқылын алу үшін өзге елдерге тәуелді болса, енді бәрі керісінше. Зауыт толық қуатында, тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұл ел экономикасының дамуына сүбелі үлесін қосып отыр деген сөз. Алдағы уақытта күкірт қышқылы еліміздегі уран өндіретін кәсіпорындарда ғана емес, өзге де халық шаруашылығында кеңінен қолданылатын болады деп сенеміз,-деді депутат Бақытбек Смағұл.
Мәжілісмендер сондай-ақ тұрғындардың өтініштерін тыңдап, Парламент қабырғасындағы атқарылған жұмыстарды, сонымен бірге Елбасы Жолдауы мен Бес әлеуметтік бастамасынан туындайтын міндеттердің жүзеге асырылу барысындағы жұмыстарды кеңінен айтып өтті.
(Мәжілістің Баспасөз қызметі. Сурет пен ақпарат «Нұр Отан» партиясының Қызылорда облыстық филиалының материалдары бойынша дайындалды).
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі