Астана, 11 шілде, Мәжіліс үйі. Мәжіліс депутаттары, «Ақ жол» фракциясының мүшелері Ерлан Барлыбаев пен Берік Дүйсенбинов Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапармен келді.
Парламент депутаттары «Эко-Агро», «Силумин-Восток» еңбек ұжымдарымен кездесу барысында парламенттік фракцияның жұмысы мен Мәжіліс депутаттарының заң шығару қызметі туралы әңгімеледі.
Ал, Семей қаласында өткен дөңгелек үстелде депутаттар Президенттің бес әлеуметтік бастамасының іске асырылу барысына тоқталды.
- Бес бастамамыз елдің игілігіне жарайтындай болып атқаруымыз керек. Бұл тек қана Елбасы мен Мәжіліске ғана байланысты дүние емес, ол үшін құзырлы органдар, Ұлттық банк, басқа да мемлекеттік органдар қатысуы керек. Ал мемлекеттік органдарға халықтың талап-тілегін, үмітін жеткізетін – Мәжіліс депутаттары, - деді Б. Дүйсенбинов.
Кездесуде депутат Ерлан Барлыбаев Президенттің әлеуметтік бастамасымен іске асып жатқан жатақханалар мен қолжетімді ипотекалық несиелердің құрылысы Қазақстандағы мыңдаған адамдарға тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Отырыс барысында басқа да өзекті мәселелер айтылып, депутаттар тұрғындар тарапынан көтерілген барлық мәселелер «Ақ Жол» фракциясының одан әрі жұмысында жалғасатын болады деді.
(Мәжілістің Баспасөз
қызметі. Сурет пен ақпарат «Ақ жол» партиясының
Шығыс қазақстан облыстық филиалының материалдары
бойынша дайындалды)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі