Астана, 12 шілде, Мәжіліс үйі. Бүгін Ақмола облысына іс сапармен келген Мәжіліс депутаты Ерсұлтан Бектұрғанов облыстық ғылыми кітапханада зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында халық қалаулысы «Кітапхана- заманауи білім орталығы» партиялық жобасы аясында ашылған коворкинг орталығының жұмысымен танысып, Елбасының «Бес әлеуметтік жобасы», партияның жаңа жобалары мен Саяси Кеңесте белгіленген тапсырмалардың орындалу барысымен таныстырды.
- Кітапханаларды заманауи коворкинг орталықтарына көшіру туралы партияның бастамасы Ақмола облысында жемісті жүзеге асып жатқандығын көріп тұрмыз. Жас оқырман қауым үшін бұл жерде барлық жағдай жасалыпты, - деді депутат.
Айта кету керек, бүгінгі таңда облыстық кітапханада коворкинг орталығы жұмыс істеп, оқырмандар үшін жағдай жасалған. Оған қоса облыстық 19 кітапхана да «Жас Отан кітапханасы» жобасы аясында ашылмақшы. Сонымен қатар, облыстың кітапханаларды сандық үлгіге көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда 122 мыңнан астам құжат, олардың ішінде 35 мыңы қазақ тіліндегі құжаттар сандық үлгіге көшкен. Бұл негізгі қордың 35 пайызы мен өлкетану қорының 60 пайызын құрайды.
Кездесу барысында жас ақындар, мәдениет қайраткерлері, жазушылар қауымы бірқатар әлеуметтік мәселелерді көтеріп, пікір алмасты.
(Мәжілістің Баспасөз қызметі. Сурет пен ақпарат «Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалының материалдары бойынша дайындалды).
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі