Астана, 23 тамыз, Мәжіліс үйі. Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы Фракциясының жетекшісі Гүлмира Истайбекқызы Исимбаева Алматы қаласы мұғалімдерінің тамыз конференциясының жұмысына қатысты.
Бүгін, Парламент Мәжілісінің бір топ депутаттары, Мәжіліс Төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы Фракциясының жетекшісі Г.И. Исимбаеваның басшылығымен Алматы қаласы педагогикалық қызметкерлерінің тамыз конференциясы аясында қала мұғалімдерімен кездесті.
Гүлмира Исимбаева кездесу кезінде Мәжіліс жұмысының кейбір қорытындыларына тоқталды.
Сонымен қатар жұмыс барысында депутаттар әлеуметтік салаға ерекше мән бергенін атап өтті.
Мысалы, өткен сессия барысында 84 заң жобасы мақұлданса, оның алтауы 6-ы білім саласын және балалардың құқығын қорғауға арналды. 3 заң жобасына депутаттар өздері бастамашы болды. Олардың қатарында балалардың денсаулығына және дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғауға бағытталған және жоғары оқу орындарының академиялық дербестігі туралы заңдар бар. Сондай-ақ білім туралы заңға енгізілген өзгерістерге тоқталды, оған сәйкес, колледж түлектерінің бір мамандық шеңберінде бірден үш біліктілік алуға болатынын, мұның өзі олардың жұмысқа тұру мүмкіндігін молайтыны туралы да айтты, сондай-ақ заңдарға енгізілген басқа да өзгерістер жөнінде айтты.
Г. Исимбаева өз сөзінде:
-Үшінші парламенттік сессияны тарихи маңызды деп айтуға толық құқығымыз бар, өйткені, дәл осы Парламент қабырғасында Елбасымыз алғаш рет Бес әлеуметтік бастамасын жариялады, олардың заңнамалық қамтамасыз етілуіне депутаттар барынша белсенді қатысты,- деп атап өтті.
Сөзін қорытындылай келе, Мәжіліс Төрағасының орынбасары Г.Исимбаева Елбасының «білімді дамыта алмайтын елдің болашағы жоқ» - деген сөзін келтіріп, ұстаздық қызметтің басты нысанасы саналатын - білім саласы - ол мемлекеттің тірегі, өркениеттің айнасы деп, келесі сессияда заң шығарушылық жұмысының векторы Елбасының тапсырмаларын орындауға және еліміздің педагогтарына барынша қолдау көрсетуге бағытталатыны жөнінде сендірді.
(ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі