Астана, 1 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Бүгін Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өтеді. Оны шақыру туралы тиісті Өкімге Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин 24 тамызда қол қойған болатын.
Парламенттің Сенат және Мәжіліс депутаттары парламенттік каникулда, яғни аймақтардағы жұмыс сапарларынан кейін бірлескен отырысқа жиналады. Өңірлерді аралау барысында мәжілісмендер 700-ден астам елді мекендерге барып, көптеген кездесулер өткізді.
Парламент депутаттары халыққа заң шығару қызметі туралы, Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жолдауының, Мемлекет Басшысының Бес әлеуметтік бастамасы мен мемлекеттік бағдарламалардың негізгі ережелерін заңнамалық қамтамасыз ету туралы хабардар етті.
Мәжіліс депутаттары облыстық және аудан орталықтардағы еңбек ұжымдарымен, шалғайдағы елді мекендердегі ауыл тұрғындарымен кездесуде азаматтармен жеке қабылдаулар өткізіп, тұрғындар бірқатар өзекті мәселелерді көтеріп, өз ұсыныстарын білдіруге мүмкіндік алды.
Айтылған пікірлер мен ұсыныстарды депутаттар одан әрі заңнамалық жұмыстарында назарға алмақ. Қазірдің өзінде депутаттар қоржынында 50-ден астам заң жобасы бар.
Олардың ішінде - денсаулық сақтау, көлік, мемлекеттік сатып алулар, АӨК-ді реттеу, меншік құқығын қорғауды күшейту туралы заңнамалық түзетулер; Табиғи монополиялар, арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар, кинематография туралы заң жобалары және т.б. бар.
Парламент Палаталарының Бірлескен отырысы Астана қаласында, сағат 11-де басталады.
(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі