Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
01.09.2018

Алтыншы сайланған Парламенттің төртінші сессиясы ашылды


                Астана, 1 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Бүгін Қазақстан Президентінің қатысуымен Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өтті.

Елбасы жаңа сессияның ашылуын ресми жария еткеннен кейін еліміздің әнұраны орындалды.

Одан әрі Президент мемлекетіміз дамуының бүгіні мен болашағына қатысты өзекті мәселелерді алға тарта келіп, маңызды бастамаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жөнінде халық қалаулылары алдына нақты міндеттер жүктеді.

Және өткен сессияда екі Палата депутаттарының табысты жұмыс атқарғанына тоқталды. Өз сөзінде Елбасы:

- Парламенттің үшінші сессиясының қорытындысы бойынша 87 заң қабылданды, соның ішінде мен жариялаған «Бес әлеуметтік бастаманың» тиісті нормативтік құқықтық негізі қалыптасты. Бұл алты миллионнан астам қазақстандықтың әл-ауқатын арттырып, өсіп-өркендеуіміздің басты шарты саналатын халқымыздың бірлігін нығайтуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті. Ал, алдағы жұмыстың басым бағыттарын сөз еткенде өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды медициналық және әлеуметтік сақтандыру, сондай-ақ зейнетақымен қамту жүйесіне тарту сынды маңызды мәселелер бойынша тиісті өзгерістерді осы жылдың соңына дейін қабылдау қажеттігін атап өтті. Одан әрі:

- Үкіметке Туризмді дамытудың 2023 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу тапсырылды. Бұл құжат жыл соңына дейін қарастырылып, қаржылық тұрғыдан қажетті заңнамалық база арқылы бекітілуге тиіс. Сонымен қатар, Парламентте мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор үшін сатып алу мәселелеріне қатысты заң жобасы бар. Осы құжат аталған процесті жеңілдетуге, оның тиімділігін арттыруға, сыбайлас жемқорлық қатерін төмендетуге, басым бағыттарды іске асыру үшін қаржы бөлуге және бизнес ахуалын жақсартуға мүмкіндік береді,-деді, Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы атап өткендей, қоғамдық сананы жаңғыртуға арналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тиісті заң жобасын қабылдау үздік әлемдік тәжірибеге сәйкес тарихи әрі киелі нысандарды тиімді дамытуға, қорғауға септігін тигізеді.

Сондай-ақ, Елбасы Шымкентке републикалық маңызы бар қала мәртебесі берілуіне және Түркістан облысының құрылуына байланысты Парламенттің қарауына қайта құрылған әкімшілік-аумақтық бірліктердің толыққанды жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған заң жобалары енгізілетінін және олардың шұғыл қаралып, қабылдануы керектігін айтты.

Сөз соңында Мемлекет басшысы депутаттардың алдағы жауапты жұмысына табыс тіледі.

Отырысқа төрағалық еткен Парламент Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулин барлық депутаттар атынан Елбасына Парламенттің екінші сессиясын ашып, алдағы жұмыстың басым бағыттарын белгілеп бергені үшін зор алғыс білдірді. Және бүгінгі Парламенттің алдына қойған барлық міндеттерді екі Палата депутаттары абыроймен  атқаратынына сендірді.

Бірлескен отырысқа еліміздің Премьер-Министрі, Мемлекеттік хатшысы, Президент Әкімшілігінің басшысы, Конституциялық Кеңестің, Жоғарғы Соттың және Орталық сайлау комиссиясының төрағалары, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Еске сала кетейік, қазірдің өзінде депутаттар қоржынында 50-ден астам заң жобасы бар.   

 

 

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі