Астана, 5-қыркүйек, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен алтыншы сайланған Парламент Мәжілісінің төртінші сессиясының алғашқы жалпы отырысы басталды.
Осыған орай, Палата Төрағасы 1-қыркүйекте Елбасының осы сессияны ашып, еліміздің даму жоспарына сәйкес, нақты тапсырмалар бергенін алға тарта келіп:
-Біздің енді басты мақсатымыз – Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жүктеген міндеттерді өз уақытында, сапалы заңдармен қамтамасыз ету. Соның ішінде, Елбасымыздың жаңа тапсырмаларына сәйкес, әлеуметтік жағдайды одан әрі күшейтуге, экономиканы дамытуға және ұлттық-рухани байлықты сақтауға ерекше көңіл бөлетін боламыз,-деді.
Н. Нығматулин атап өткендей, қазірдің өзінде Парламент қарауында 50-ден астам заң жобасы бар.
Олардың қатарында, «Мемлекеттік сатып алулар және квазимемлекеттік сектордың сатып алулары мәселелері туралы», «Табиғи монополиялар туралы» маңызды заң жобаларымен қатар, денсаулық сақтау, көлік, мемлекеттік сатып алулар, АӨК-ні реттеу, меншік құқығын қорғауды күшейту туралы заңнамалық түзетулер; арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар, кинематографияға қатысты құжаттар қамтылған.
(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР ПАрламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі