Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
05.09.2018

Мәжілістің алғашқы жалпы отырысы өтті


Астана, 5 қыркүйек, Мәжіліс үйі.  Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжілістің төртінші сессиядағы алғашқы жалпы отырысы өтті.

Отырыстың күн тәртібіндегі мәселелеріне кіріспес бұрын, Н. Нығматулин сессияның ашылуында депутаттық корпустың назарын Қазақстан Президенті белгілеген тапсырмаларға аударды.

Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жүктеген міндеттерді өз уақытында және сапалы заңдармен қамтамасыз ету қажеттілігі туралы айтқан Мәжіліс Төрағасы әлеуметтік жағдайды одан әрі күшейтуге, экономиканы  дамытуға және ұлттық-рухани байлықты сақтауға ерекше көңіл  бөлетініне тоқталды.  

Палата Төрағасы қазірдің өзінде Парламент қарауында 50-ден астам заң жобасы бар екенін айтты. Олардың қатарында, «Мемлекеттік сатып алулар және квазимемлекеттік сектордың сатып алулары мәселелері туралы»,  «Табиғи монополиялар туралы» маңызды заң жобаларымен қатар,  денсаулық сақтау, көлік, мемлекеттік сатып алулар, АӨК-ді реттеу, меншік құқығын қорғауды күшейту туралы заңнамалық түзетулер; арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар, кинематографияға қатысты құжаттар қамтылған.

Отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік статистика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Халықаралық азаматтық авиацияға қатысты заңсыз актілерге қарсы күрес жөніндегі конвенцияны ратификациялау туралы» Заң жобаларын мақұлдады.

Статистика мәселелеріне арналған Заң жобасы жинақталатын деректердің және статистикалық ақпараттардың сапасын арттыруға респонденттермен және пайдаланушылармен кері байланысты қамтамасыз етуге; қайталанатын көрсеткіштердің жиналуын болғызбау арқылы респонденттерге түсетін жүктемені азайтуға бағытталған.

Сонымен қатар  бүгін Мәжіліс депутаттары жұмысқа кіріскен жаңа заң жобаларының қатарында «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2019 - 2021 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» және «2019 - 2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы негізгі қаржы құжаттары бар.

Сонымен бірге Мәжіліс бүгін Қазақстан мен Хорватия Үкіметі арасындағы  Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісім, Қазақстан мен Иордан Хашимит Корольдігі арасындағы адамдарды ұстап беру туралы келісім мен осы елдер арасындағы өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобаларын жұмысқа алды.

Ратификацияланатын құжаттар қатарында Қазақстан мен Тәжікстан Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы, Тәжікстан азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі туралы, сондай-ақ екі ел арасындағы адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді іске асыру тәртібі туралы атқару хаттамасын ратификациялау туралы Заң жобалары бар.

Осы қатарда депутаттар Денсаулық сақтау мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң жобасын жұмысқа алды. Бұл Заң жобасының негізгі мақсаты – донор және трансплантациялау институтын дамыту, медициналық білім беру жүйесін жетілдіру және медицина кадрларын даярлау сапасын арттыру, медициналық көмектің сапасы мен тиімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделін енгізу, денсаулық сақтау жүйесіне қатысты қолданыстағы заңнамадағы олқылықтарды жою және тағы басқа да медицина саласына қатысты өзекті мәселелерді қамтыған.  

Мәжіліске келіп түскен заң жобаларының қатарында Тәжікстан, Қырғыз, Қазақстан мен Исмаилиттер Имаматы арасындағы Орталық Азия Университетін құру жөніндегі шартқа хаттама және Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы Энергетика саласындағы ынтымақтастықтың негіздемелік келісімдерін, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер өзара сауданы жүзеге асыру кезінде озонды бұзатын заттар мен құрамында осындай заттары бар өнімдерді өткізу және озонды бұзатын заттарды есепке алу туралы келісімді және 2015 жылғы 29 мамырдағы келісімге Қырғыз Республикасының қосылуы туралы хаттаманы, Қазақстан мен Ресей арасындағы Жер қойнауын пайдалануға арналған хаттаманы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен немесе халықаралық интеграциялық бірлестіктермен халықаралық шарттары туралы келісімдерді ратификациялау туралы Заң жобалары бар.

Осы күні Палата алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің өкілеттіктерін іске асырудың төртінші сессияға арналған негізгі іс-шаралар жоспарын бекітті.

Аталған жоспар Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру мақсатында және төртінші сессияны  ашу кезінде берген тапсырмаларына  сәйкес әзірленді.

Жалпы отырыс барысында  Мәжіліс депутаты  Дархан Мыңбай Қазақстан халқына ант беріп, Ақылбек Ихданов Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі қызметіне тағайындалды.

Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары бірнеше депутаттық сауалдар жолдады. Олар Б. Дүйсенбинов, Т. Сыздықов, С. Сейдуманов,  В. Косарев, А. Перуашев, С. Құсайынов.

 

(74-63-01, Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі