Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
26.02.2020

Мәжіліс Азаматтық процестік кодекске соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіруге қатысты заң жобасын I оқылымда мақұлдады


 

Нұр-Сұлтан, 26 ақпан, Мәжіліс үйі. Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтті. Онда депутаттар Азаматтық процестік кодекске соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелеріне арналған заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.

Нұрлан Нығматулин заң жобасы Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сот шешімдерінің сапасын жақсарту жөніндегі тиісті тапсырмаларын орындауға бағытталған деп атап өтіп:

Бүгінгі заң жобасына сот істерін сапалы және ашық жүргізудің жаңа форматы енгізілді. Бұл формат сот жұмысын азаматтық процесті жеңілдетіп және жылдам қарауға серпін беретін болады, - деді.

Сонымен қатар Палата Спикері аталған заң жобасының ерекшелігі, судьяның азаматтық процестегі рөлінің парадигмасын түбегейлі өзгертетінін, егер осы уақытқа дейін судьялар істерді қарау кезінде бейтараптық принципін басшылыққа алса, қазір соттың іс жүргізу қызметі күшейе түсетініне тоқталды. Сонымен қатар Мәжіліс Төрағасы бұл тәсіл азаматтық іс жүргізудегі халықаралық тәжірибеге сәйкес келетінін айтты.

Осы заң жобасын талқылау барысында депутаттар бірқатар мәселерге назар аударды.

Жалпы заң жобасы сот жүйесін жаңғыртуды жалғастыруға, уақыт пен ресурстардың негізсіз шығындарына әкелетін артық сот рәсімдерін қысқартуға, озық электрондық сервистерді енгізуге бағытталған. Сонымен қатар ол судьяның және сот ісін жүргізуге басқа да қатысушылардың процестік рөліне жаңа тәсілдерді енгізуді, процестік әрекеттерді оңтайландыруды және сот ісін жүргізуді одан әрі цифрландыру бойынша түзетулердің негізгі үш блогын көздейді.

Істі толық және уақтылы қарау үшін судьяға тараптар дәлелдерінің негіздігін және олар ұсынған дәлелдемелердің дұрыстығын тексеру бойынша шаралар қабылдау, тараптармен (тараппен) істің мән-жайын талқылау, тараптардың құқықтық ұстанымдары мен дәлелдерін нақтылау, дәлелдемелерді уақтылы және толық жинауға, оларды зерттеуге ықпал ету, соттық тапсырмалар беру, заң көмегіне ақы төлеуден және өкілдік етумен байланысты шығыстарды өтеуден босату, істердің жекелеген санаттары бойынша ресми өкіл-адвокатты тағайындау құқығы беріледі.

Осыған байланысты Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин  судьялардың өзін де, азаматтарды да осы жаңашылдыққа дайындаудың маңыздылығына тоқталды.

Азаматтардың осы норманы енгізуге дайындығы туралы айта келе, Мәжіліс Спикері Жоғарғы Соттың да, өзге де мемлекеттік органдардың аталған заң жобасы бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуі қажет екенін атап өтіп, халықтың құқықтық сауаттылық деңгейі кез-келген қоғам дамуының маңызды аспектілерінің бірі болып табылатынын назарға алды.

Бүгінгі жалпы отырыста Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз елінің қосылуына қатысты ратификациялық заң жобасы депутаттар тарапынан қолдау тапты.

Атап айтқанда, 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты Қырғыз Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 мамырда қол қойылған хаттамаға өзгеріс енгізу туралы  хаттама 2018 жылғы14 мамырда Сочиде жасалған.

Хаттамада Қырғыз Республикасы үшін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасында өздерінің өткізу пункттерін жайластыру және материальдық-техникалық жарақтандыру бойынша мерзімді Хаттама күшіне енген күннен бастап 48 айға дейін ұзарту ұсынылады. Қолданыстағы редакцияда бұл мерзім 24 айды құрайды.

Сонымен қатар бүгінгі отырыста депутаттар Қазақстан мен Қырғыз арасындағы екі ел аумағында азаматтардың болу тәртібі туралы ратификациялық заң жобасын мақұлдады.

Хаттамада қос ел арасындағы ынтымақтастықтың құқықтық негіздерін құру, екі мемлекет азаматтарына қолайлы жағдай жасауды көздейді.

Сондай-ақ, көші-қон саласындағы ұлттық заңнамаларды үйлестіру және жол жүру құжаттарын біріздендіру мақсатында тараптардың Мемлекеттік шекарасын кесіп өтуге арналған құжаттар тізбесінен 16 жасқа толмаған балалар үшін тараптардың азаматтығына жататындығын көрсете отырып, анықтама-жапсырмасы (суреті) бар туу туралы куәлікті алып тастау көзделіп отыр.

Бүгін Мәжілістің салалық комитеттері қылмыстық заңнаманы жетілдіру және Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандар мәселелеріне қатысты заң жобаларын жұмысқа алды. 

Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары мемлекеттік органдардың басшыларына бірнеше депутаттық сауалдар жолдады. Олар К.Абсатиров, Т.Сыздықов, М.Бопазов, С.Бычкова, В.Косарев, К.Мұсырман, Н.Дулатбеков, П.Казанцев, Б.Ізмұхамбетов.

 

(74-63-01, Ақпаратты Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі таратты. Суретті түсірген Жаслан Құспанов).

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі