Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
07.04.2020

Мәжілісте митингілер туралы заң жобасына қатысты комитет отырысы өтті


 

Нұр-Сұлтан, 7 сәуір, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің отырысы өтті. Комитет Палатаның қарауындағы бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заң жобасындағы депутаттар енгізген негізгі түзетулерді талқылады.

Отырыста депутаттар заң жобасының үкіметтік нұсқасы Мәжілісте елеулі өзгерістерге ұшырағанын атап өтті.

Жұмыс тобының жетекшісі Қанат Мусиннің айтуынша,  депутаттар заңнаманы ырықтандыруға бағытталған бірқатар түбегейлі түзетулер енгізген. Сонымен қатар депутат жұмыс тобының белсенді әрекеті қоғам күтіп отырған заң жобасының баптарын жақсартуға мүмкіндік беретініне тоқталды.

Осыған байланысты қоғамдық пікір тудырған нормалар айтарлықтай пысықталып, бірқатар нормалар оңтайлы шешімін тапты.

Атап айтқанда, депутаттар бейбіт жиналыс өткізу туралы хабарлама беру мерзімдерін және жергілікті атқарушы органдардың қарау мерзімдерін айтарлықтай қысқарту мәселелесіне ерекше назар аударды.

Сондай-ақ, депутаттар арнайы орындарда ғана емес, заңмен тыйым салынбаған барлық жерлерде пикеттер өткізуге рұқсат беруді ұсынады.

Мәжілісмендер бейбіт жиналыстар өткізу пайдасына презумпция қағидаттары мен тараптардың жауапкершілігін қосты. Ұйымдастырушылар мен қатысушыларға және журналистер үшін тыйым салулар мен міндеттер айтарлықтай қысқарды.

Сонымен қатар депутаттар мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғаларының талабы бойынша ұйымдастырушылардың, қатысушылар мен журналистердің бейбіт жиналыстардың фото және бейнежазбасын ұсыну міндеттері туралы нормаларды артық деп  санайды.

Айта кету керек, осы күнге дейін бейнеконференция режимінде жұмыс тобының 14 отырысы өтті.

Оған депутаттармен және заң жобасын әзірлеушілермен қатар  Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың, ғылыми және сараптамалық қауымдастықтың өкілдері белсенді қатысты.

Қанат Мусин атап өткендей, айтылған ескертулер мен ұсыныстар заң жобасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі