Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
21.10.2020

Мәжіліс 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасын мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 21 қазан, Мәжіліс үйі. Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Мәжіліс еліміздің басты қаржылық құжаттарының жобаларын мақұлдады.

Олар Ұлттық қордан 2020 – 2022 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт және осы жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобалары бойынша түзетулер.

Үш жылдық республикалық бюджетке қатысты  заң жобасы ағымдағы жылдың сәуір және қыркүйек айларында 2020 – 2024 жылдарға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер болжамын нақтылауға байланысты әзірленді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыруға бағытталған.

2020 жылға арналған республикалық бюджет кірістерінің нақтыланған болжамы (трансферттер түсімінсіз) бекітілген жоспарға қарағанда 6 539 108 849 мың теңге сомасында айқындалған немесе 1 547 294 044 мың теңгеге азайтылған.

Шығыстары бекітілген бюджетпен салыстырғанда 1 561 083 706 мың теңгеге ұлғая отырып, 14 475 384 875 мың теңге сомасында көзделеді.

Жалпы отырыс барысында депутаттар еліміздің Ұлттық қорынан 2021 – 2023 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт және осы жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобаларын мақұлдады.  

Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 10 шілдедегі кеңейтілген отырысындағы тапсырмасына сәйкес Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт ынтымақты зейнетақылар мен мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін төлеуге бағытталатын болады. Осы ретте, Мәжіліс депутаттары ауылдық елді мекендердегі денсаулық сақтау саласын қаржыландыру мәселесіне назар аударды.

Нұрлан Нығматулин Мәжіліс депутаттары бұл мәселені «Nur Otan» партиясы фракциясының жиналысында жариялағаннан кейін ғана Денсаулық сақтау министрлігі іске кірісіп, ал Қаржы министрлігі әзірше ауылдық денсаулық сақтауды дамыту жөніндегі бастапқы шараларға 1 млрд.68 млн. теңге іздестіргенін атап өтті.

Мәжіліс Төрағасының айтуынша, бұл жағдайда орталық пен аймақтар арасында үйлесімді байланыс жоқ. Егер қажеттілік бойынша ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігі толық көлемде ұсынылған болса, онда барлық нысандарды қаржыландыру мүмкіндігі болар еді. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама өңірлердегі 7 нысан үшін ғана әзірленген.

Осы орайда, Мәжіліс Төрағасы үш жылдық бюджеттің мақұлданғанын алға тарта келіп, бұл басты қаржылық құжаттар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында шешуші рөл атқаратынын атап өтті.

Сонымен қатар бюджеттік заң жобаны талқылау барысында мемлекеттің тұрақты дамуына экономикалық және әлеуметтік ахуалға қатысты сұрақтар жан-жақты қаралды. Нәтижесінде 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетті мақұлдау жөніндегі Қаулы қабылданды. Осыған орай Мәжіліс Төрағасы:- Бүгінгі мақұлданған бюджет жобасының  орны да ерекше,  маңызы да    өте зор. Бүкіл әлемге тараған короновирус індеті біздің   елімізде де  орын алып отыр. Сондықтан, алдағы үш жылдық бюджетте ең біріншіден, пандемия кезінде азаматтарды   қолдау   жағдайы    ескерілді.  Сонымен бірге, жылдағы дәстүр бойынша экономиканы дамыту, әлеуметтік міндеттер, денсаулық,  білім, еңбек салаларына ерекше назар аударылды. Себебі республикалық бюджетті қалыптастыру – бұл Елбасы және Мемлекет Басшысы жүктеген барлық міндеттерді сапалы орындаудың кепілі. Енді Үкіметтің де, барлық мемлекеттік органдардың да негізгі жұмысы ол осы бөлінген қаражаттарды жоспар бойынша өз уақытында, ашық, сапалы және нәтижелі пайдалану. Ал оны бақылау әрқашанда депутаттық корпустың назарында болады, - деді Нұрлан Нығматулин. 

Ұсынып отырған жоба бойынша ЖІӨ-нің нақты өсуі 2021 жылы 2,8% деңгейінде болжанып отыр, ол 2025 жылы одан әрі 4,6%-ға дейін өседі. Алдағы орта мерзімді кезеңге ЖІӨ-нің орташа жылдық өсу қарқыны 4,0%-ды құрайды.

Ұлттық Банк жылдық инфляцияның нысаналы дәлізін 2021 – 2022 жылдары 4,0-6,0%, 2023 – 2024 жылдары 4,0-5,0% шегінде айқындап отыр, ол кейіннен 2025 жылы 3,0-4,0%-ға дейін төмендетіледі.

2021 жылға арналған республикалық бюджет кірістерінің болжамы (трансферттер түсімін есепке алмағанда) 6 925 686 106 мың теңге сомасында айқындалды немесе 550 363 760 мың теңгеге асып түсе отырып, ағымдағы жылғы бағалауға қатысты 108,6%-ды құрайды.

2022 жылға арналған республикалық бюджет кірістерінің болжамы (трансферттер түсімін есепке алмағанда) 2021 жылғы болжамға қарағанда 1 640 374 115 мың теңгеге немесе 23,7%-ға өсе отырып, 8 566 060 221 мың теңге сомасында, 2022 жылға қарағанда 651 048 507 мың теңгеге немесе 7,6%-ға өсумен, 2023 жылға 9 217 108 728 мың теңге сомасында айқындалды.

Сондай-ақ, бүгін Палатаның бейінді комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын жұмысқа алды.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі. Суретті түсірген Ж.Құспанов).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі