Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
27.01.2021

Мәжіліс автокөліктерді жымқыруға қарсы күрес туралы ратификациялық заң жобасын мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 27 қаңтар, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар бірқатар ратификациялық заң жобаларын мақұлдады.

Отырыста депутаттар ЕАЭО шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді біріздендіруге бағытталған шаралар туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.

Келісім Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізу мәселелері бойынша келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясатты іске асыруға бағытталған.

Оның ішінде, ауыл шаруашылығы жануарларының жасалған типтерін, желілерін (тұқымдарын) және кростарын апробациядан өткізу көзделген. Сонымен қатар, асыл тұқымды өнімге молекулярлық генетикалық сараптама жүргізуді, асыл тұқымды жануарлардың тұқымын айқындауды және олардың асыл тұқымдық құндылығын бағалауды біріздендіру арқылы іске асыру қарастырылған.

Бұл шаралар ЕАЭО шеңберінде асыл тұқымды мал шаруашылығының ортақ нарығын дамытуға және өзара саудадағы кедергілерді жоюға алып келеді деп күтіледі. Бұл өз кезегінде отандық асыл тұқымды өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Сонымен қатар, депутаттар жалпы отырыста генетикалық сараптама жүргізу үшін республикада тиісті материалдық-техникалық база, сондай-ақ, еліміз асыл тұқымды малдарды ЕАЭО-тың қандай елдерімен, қандай көлемде айырбастап келгені туралы мәселелерді қозғады.

Нұрлан Нығматулин осы заң жобасын талқылау кезінде депутаттар тарапынан Ресей Федерациясынан асыл тұқымды малдарды әкелу үшін бірқатар кедергілер орын алатыны туралы пікірлер айтылғанын, ал осы ратификацияны қабылдап, оған Мемлекет Басшысы қол қойғаннан кейін ол ТМД елдерінен асыл тұқымды малдарды  кедергісіз алып келуге жол ашатын атап өтті.

Палата Төрағасының айтуынша, осы мәселені Мәжіліс заң жағынан қамтамасыз етіп отыр, ал жауапты министрлік басқа мемлекеттік  органдармен бірлесіп, ұйымдастыру шараларын жасауы  қажет.

Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, бұл ауылшаруашылығы саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге көмек болады.

Сонымен қатар, бүгінгі жалпы отырыста Палата депутаттары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.  

Құжат ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтарында автокөлік құралдарына қылмыстық қолсұғушылықтарға қарсы іс-қимыл жүйесін жетілдіруге бағытталған.

Ескертпеге сәйкес, ақпараттық дерекқорды еліміздің мемлекеттік шекарасын кесіп өтетін автөкөлік құралдары туралы мәліметтермен толықтырып тұру мәселелері Қазақстан Республикасына қолданылмайды.

Ішкі істер министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, соңғы 15 жылда Қазақстанда 40 303 көлік ұрланған. Оның ішінде ТМД елдерінде бар болғаны 223 автокөлік табылды, ал Қазақстанға қайтарылғаны – 66.

Сонымен қатар, Палата бүгін Қазақстан мен Моңғолия арасындағы азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі өзара көмек туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.

Бұл Хаттама Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы құқықтық мәселелер бойынша ынтымақтастықты бекітуге бағытталған. Сондай-ақ екі елдің азаматтарына азаматтық және қылмыстық сот ісін жүргізу саласында құқықтық көмек көрсету мәселелерінде екіжақты әріптестікке жаңа серпін беруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, отырыс барысында Палата VII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің өкілеттіктерін іске асырудың I сессияға арналған негізгі іс-шаралар жоспарын бекітті.

Атап айтқанда, жоспар негізгі 5 бөлімнен тұрады. Бірінші сессияға барлығы 35 негізгі іс-шаралар өткізу жоспарланған, оның ішінде Мәжіліс комитетерінің 9  кеңейтілген тақырыптық отырыстары, үкіметтік сағаттар, 1 халықаралық конференция, 9 дөңгелек үстел және басқа да іс-шаралар ұсынылып отыр. Мәжілістің халықаралық және парламентаралық қызметін іске асыру бойынша шаралар жеке кесте негізінде жүзеге асырылатын болады. Жоспар жобасы Мәжілістің тұрақты комитеттерінде пысықталды әрі өзекті мәселелерден туындайтын маңызды іс-шараларды қамтиды.

Сонымен қатар, елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, аталған тақырыптық отырыстарды бейне-конференц-байланыс форматында  өткізу мүмкіндігі де қарастырылған.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: Г.Бижанова, А.Қожахметов, Ж.Омарбекова, А.Платонов, Е.Саиров, Д.Еспаева, А. Жұмабаева, К.Иса, А. Перуашев, А. Сембинов, Г. Кулахметов,  А. Милютин, И. Смирнова, С. Абдрахманов.

 

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Құспанов).



Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі