Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
17.02.2021

Мәжіліс сот жүйелері мен судьялардың мәртебесіне қатысты бірқатар заң жобаларын мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 17 ақпан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттардың бастамасымен әзірленген сот жүйелері мен судьяларының мәртебесіне қатысты бірқатар заң жобалары мақұлданды.

Атап айтқанда, сот жүйесі мен судьяларының мәртебесіне қатысты Конституциялық заңға түзетулер енгіу туралы заң жобасы Жоғарғы соттағы әкімшілік істер жөніндегі сот алқасын құруды және қазіргі мамандандырылған сот алқасын таратуды көздейді.

Бұл түзету әкімшілік әділет енгізудің бастапқы кезеңінде жүктемені тең бөлуге, сондай-ақ деликтер мен қоғамдық дауларды қарау бойынша сот практикасының аражігін ажыратуға мүмкіндік береді.

Өңірлерде істерді бөлуге байланысты үнемі өзгеріп отыратын жағдайға уақтылы ден қою мақсатында облыстық соттардың сот алқалары Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша Жоғарғы Соттың жалпы отырысының шешімімен құрылады және таратылады деп көзделеді.

Заң жобасы Жоғарғы Сот Төрағасы және Жоғарғы Сот судьясы лауазымына үміткерлерге қойылатын талаптарға қатысты өзгерістер енгізеді, оларды Мемлекет Басшысы ұсынады.

Көрсетілген судья лауазымдарына сайлау үшін Республика Президенті ұсынған адамдардың негізінен жеткілікті тәжірибесі бар, тәжірибелі мамандар болып табылатындығын ескере отырып, заң жобасында олардың біліктілік емтиханынан өтуі туралы қолданыстағы ережені алып тастау және заң мамандығы бойынша кемінде жиырма жыл жұмыс өтілінің болуы туралы талаптың күшін жою ұсынылады.

Сонымен қатар, бүгінгі отырыста Палата депутаттары сот жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. 

Аталған заң жобаның негізгі мақсаты инвесторлар қатысатын дауларды қарау сатылығын қайта қарастыру болып табылады.

 Осыған байланысты, заң жобасында Азаматтық процестік кодексіне, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік заңнамасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға түзетулер көзделеді.

Жалпы отырыста депутаттар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Аталған заң жобасы депутаттардың бастамасы бойынша әзірленіп, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекске бірқатар өзгерістер енгізуді қарастырады.

Бұл түзетулер қолданыстағы заңнаманы «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобаларының және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының ережелеріне сәйкес келтіруге бағытталды.

Отырыс барысында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бүгінгі мақұлданған бірнеше заң жобалары сот жүйесін жаңғыртудың жалғасы екенін алға тарта келіп:

- Жақында ғана Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев  сот жұмысының ашық, әділт және заман талабына сай болуына ерекше назар аударды. Сондықтан, бүгінгі құжаттарда осы талаптарды заң жағынан қамтамасыз етуге арналған маңызды нормалар қабылданды. Енді осы нормалар сот саласына білікті, кәсіби, тәжірибелі, жаңа мамандарды тартуға, сот процесіне жоғары технологиялық мүмкіндіктерді енгізуге жол  ашатын  болады, - деді.

Сондай-ақ, Палата Төрағасы сот жүйесіндегі реформаларды заң жағынан қамтамасыз ету жұмыстарын одан әрі жалғастыратын атап өтті.

Отырыс барысында депутаттар туристік қызмет мәселелеріне қатысты заң  жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Дипломатиялық қызмет туралы заң жобасына Сенат енгізген өзгерістермен келісті.      

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: А.Жамалов, Д.Еспаева, Л.Павловец, И.Смирнова, Ә.Әбсеметова, А.Бойчин, Е.Саиров, А.Сембинов, М.Ахметов, А.Қоңыров, М.Раманқұлов, Г.Құлахметов, Ф.Каменов, Г.Нұрымова, А.Жұмабаева, В.Тохтасунов.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Құспанов).



Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі