Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
05.04.2021

Мәжіліс депутаттары мемлекеттік шекараның өткізу бекеттеріндегі мәселелерді талқылады


Нұр-Сұлтан, 5 сәуір, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің Халықаралық істер, Қорғаныс және қауіпсіздік комитеті «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасында орналасқан өткізу пункттерінің қызметін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» конференц-байланыс арқылы тақырыптық отырыс өткізді.

Іс-шара жұмысына Мәжіліс депутаттары, мүдделі министрліктер мен ведомстволардың басшылары, "Атамекен" ҰКП өкілдері қатысты,

Отырысты ашқан Комитет төрағасы Айгүл Құспан қаралып отырған мәселенің маңыздылығын, әлеуметтік-экономикалық бағытын ескере отырып, шекаралық өткізу бекеттерінде, әсіресе, жазғы кезеңде ұзақ кезектердің орын алған жағдайларына, баяу кедендік ресімдеу және шекаралық бақылау фактілеріне, сыбайлас жемқорлық көріністеріне, контрабандалық өнімнің тоқтаусыз ағынына, қолда бар инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуына байланысты еліміздің және шектес мемлекеттердің азаматтарының айтылған наразылығын атап өтті.

Одан әрі отырыста Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары - Қазақстан Республикасы Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Қаржы, Денсаулық сақтау министрліктерінің жауапты қызметкерлері, сондай-ақ "Атамекен"Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының өкілдері баяндама жасады.

Сөз сөйлеушілер шекарадағы өткізу бекеттерінің қызметін қамтамасыз ету саласындағы олардың ведомстволары жұмысының негізгі бағыттары, проблемалық мәселелер және "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы" заңға сәйкес орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың алдында тұрған міндеттер туралы жан-жақты, терең ақпарат ұсынды.

Сондай-ақ, баяндамашылар Мемлекеттік шекарада орналасқан өткізу бекеттерінің үйлесімді және тиімді жұмыс істеу қажеттілігін атап өтіп, бұл еліміздің транзиттік-көліктік әлеуетін іске асыру және шекара маңындағы өңірлердің инфрақұрылымдық әлеуетін дамыту үшін үлкен маңызға ие екеніненазар аударды.

Депутаттар іс-шара тақырыбына қатысты, әсіресе, шекаралық және кедендік бақылау, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялау, контрабанда және заңсыз көші-қон фактілеріне қарсы іс-қимыл, карантиндік іс-шараларды қатаң сақтау, жаңа өткізу бекеттерін салу, оларды реконструкциялау, кірме жолдарды жөндеу және басқа да мәселелер бойынша көптеген ұсыныстар айтты.

Іс-шара қорытындысы бойынша депутаттар мемлекеттік шекарада орналасқан өткізу бекеттері қызметінің мәселелері үнемі  бақылауда болатынын жеткізді.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі. Суретті түсірген Ж.Құспанов).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі