Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
08.04.2021

Мәжілісте өсімдіктер дүниесіне қатысты мәселе талқыланды


Нұр-Сұлтан, 8 сәуір, Мәжіліс үйі. Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті «Өсімдіктер дүниесі туралы» заң жобасын талқылау бойынша дөңгелек үстел отырысын бейнеконференция форматында өткізді.

Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов, мүдделі мемлекеттік органдардың, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының, «Adal» және «Ауыл» партияларының, қауымдастықтардың, қоғамдық бірлестіктердің, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қатысты.

Отырысты ашқан Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Александр Милютин ел алдында тұрған «жасыл экономикаға» көшудің негізгі басым міндеттерінің бірі: ресурстарды пайдалану және оларды басқару тиімділігін арттыру, қоршаған ортаға қысымды жұмсартудың тиімді жолдары арқылы халықтың әл-ауқаты мен қоршаған ортаның сапасын арттыру туралы айтты.

Өз кезегінде, вице-министр Серік Қожаниязов өсімдіктер дүниесі мәселелерін құқықтық реттеудің өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалануға қатысты негізгі аспектілерін; пайдалану төлемақысын; өсімдіктер ресурстарын пайдалану лимиттерін, өсімдіктерді табиғи мекендеу ортасынан өтеусіз алудың шекті көлемдерін, өтеусіз алудың шекті көлемінен асып кеткені үшін төлемақы; өсімдіктер дүниесі объектілерін заңсыз алып қойғаны, дайындағаны, бүлдіргені немесе жойғаны, сондай-ақ олардың өсу ортасын бұзғаны үшін қылмыстық, әкімшілік және азаматтық-құқықтық жауапкершілікте болатындығын атап өтті.

Отырыс барысында вице-министр депутаттар мен қоғам өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, пікір алмасты.

Жиынға қатысушылар жайылымдық жерлерді пайдалану, дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды фармацевтикалық қажеттіліктер үшін өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалана отырып мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру, өсімдіктер дүниесі объектілерінің сақтау қасиеттерін пайдалану, жасыл екпелерді көгалдандыру және кесу, жойылып бара жатқан дәрілік өсімдіктерді сақтау және басқа да мәселелер бойынша проблемалық мәселелерді көтерді.

Осы заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі – депутат Елдос Абақанов талқыланған мәселелердің маңыздылығын атап өтіп, құжаттың сапасын жақсарту мақсатында жұмыс тобының мүшелерін заң жобасын қарау кезінде көтерілген проблемаларға назар аударуға шақырды.

Барлық айтылған мәселелер алдағы уақытта жұмыс тобының қызметі шеңберінде жан-жақты қаралатын болады.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі. Суретті түсірген С. Майлыбаев).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі