05.05.2021

Мәжіліс бюджетті нақтылауды және сайлау туралы заң жобаларын мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 5 мамыр, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтіп, онда «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасын мақұлдады.

Бюджет туралы құжат 2021-2025 жылдарға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер болжамының нақтылануына байланысты әзірленіп, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына, Мемлекет Басшысының Жолдауына және коронавирустық инфекциямен күрес жөніндегі іс-шараларды іске асыруға бағытталған.

Отырыс барысында депутаттар бюджетке қатысты бірқатар өзекті сұрақтарды көтерді. Атап айтқанда, сапасы сын көтермейтін жол құрылысына, оның уақытылы аяқталуына қатысты мәселелерге ерекше мән берді. Осы ретте Нұрлан Нығматулин:

-Жасыратыны жоқ, бәріміз қар түсіп кетсе де, жол  жөндеп жатқанын жиі көріп жүрміз. Кейде бір жыл өтпей қайтадан ремонт  жасап жатқанын да көреміз. Бұл  ненің  көрсеткіші? Біріншіден, сапалы конкурс өткізу үшін, сапалы компания табу үшін уақыт жетіспейді. Екіншіден, барлық жұмыстар асығыс жасалады. Әрине, одан кейін ешқандай сапасы да болмайды. Ал, бюджеттен қанша ақша кетіп жатыр. Өткен  айда ол туралы Президент те айтты. Қазірде 140 млрд. Тағы берейін деп  отырмыз, - деді

Сонымен қатар, Палата Спикері Индустрия және инфрақұрылымдық даму министріне осынша қаражат бөлгеннен кейін, нәтиже, яғни, сапалы жолдар болу керектігін айтты.

Республикалық бюджет туралы заңнамалық түзетулер бойынша қорытынды жасаған Нұрлан Нығматулин бюджет – еліміздің тұрақты дамуын, халқымыздың әлеуметтік жағдайын қамтамасыз етудің кепілі екенін алға тартып, бұл құжат әрқашанда Мәжіліс қарауындағы ең маңызды, ең жауапты заң жобалардың бірі екенін айтты.

-Бүгінгі бюджетте әдеттегідей әлеуметтік қолдауға, денсаулыққа, білім, еңбекпен қамту салаларына және жол құрылысы, тағы басқа да маңызды бағыттарды жүзеге асыруға қосымша қаражаттар қаралды. Осының барлығы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бастамаларын, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сессияның ашылуында берген тапсырмаларын жүзеге асыруға ықпал етеді. Ендігі міндет – осы бөлінген қаражаттарды алға қойған мақсаттарға тиімді пайдалану. Әрине, бұл сұрақтар Мәжіліс депутаттарының да бақылауында болады, - деді.

Айта кету керек, 2021 жылға арналған республикалық бюджет кірістерінің нақтыланған болжамы (трансферттер түсімінсіз) бекітілген жоспарға қарағанда 278 717 836 мың теңгеге ұлғаюмен 7 204 292 142 мың теңге сомасында айқындалды. Бекітілген жоспарға қарағанда республикалық бюджет кірістерінің ұлғаюы 437 993 130 мың теңгеге болжануда. Кірістер 159 275 294 мың теңгеге төмендейді.

Республикалық бюджеттің нақтыланған шығыстары түзетілген бюджетке қатысты 1 277 712 468 мың теңгеге ұлғая отырып, 15 333 981 044 мың теңге көлемінде болжануда.

Сонымен қатар жалпы отырыста «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды.

Заң жобасы бойынша, әкімдікке кандидаттарды саяси партиялармен де, азаматтардың өзін-өзі ұсыну тәртібімен де кандидатураларды беру көзделеді.

Кандидаттарды тіркеу, кандидатураны алып тастау тәртібі, әкімді сайлау кезінде дауыстарды санау, осы сайлаудың қорытындыларын анықтау және жариялау тәртібі белгіленеді.

Заң жобасымен барлық деңгейдегі сайлауда берілетін бюллетеньдерге «барлығына қарсы» баған енгізіледі. Саяси партиялар үшін Парламент Мәжілісіне өту шегі төмендетіледі. Сондай-ақ, заң жобасында аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауға қатысты нормалар қамтылған. 

Осы ретте, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин:

- Заң жобасы тікелей Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың  тапсырмасына сәйкес әзірленді. Онда Президентіміздің саяси партияларға және сайлауда берілетін бюллетенге қатысты ұсыныстары енгізілді. Сонымен бірге, ауылдың, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды, қамтамасыз ететін жаңа нормалар қабылданды. Осының барлығы Мемлекет Басшысының саяси жаңғырту бастамаларын заң жағынан қолдауға арналған тағы  бір нақты  қадам, - деуге болады деді.

Мәжіліс Төрағасының айтуынша, ол ең алдымен, мемлекеттік органдар мен халық арасындағы байланысты күшейтуге және әкімдердің тұрғындар алдындағы жауапкершілігін нығайтуға жаңа серпін беретін болады. Бұл өте маңызды мәселе. Себебі, жергілікті халықпен тікелей байланыс орнататын негізгі тұлға ол - әрине ауылдың әкімі.

Сонымен бірге, бұл заң жобасы ауыл азаматтарының саяси белсенділігін одан әрі  арттыруға да зор ықпал  ететіні сөзсіз.

Отырыс барысында Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген түзетулермен келісті.  

Сондай-ақ, бүгінгі отырыста Палата комитеті заттар мен материалдардың құрамы мен қасиеттерінің стандартты үлгілерін жасау және қолдану жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа алды.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Құспанов).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі