Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
27.05.2021

Нұрлан Нығматулин Бельгия Парламентінің Спикері Элиан Тильёмен келіссөз жүргізді


Нұр-Сұлтан, 27 мамыр, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Бельгия Корольдігінің Федералдық Парламенті Өкілдер палатасының Спикері Элиан Тильёмен бейнеконференция форматында кездесу өткізді.

Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты, оның ішінде парламентаралық байланысты арттыру жайында пікір алмасты.

Нұрлан Нығматулин Бельгия Қазақстанның Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық әріптесі екеніне назар аудара отырып, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік деңгейіне жетудегі Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың рөлін атап өтті.

Сонымен қатар, кездесудегі негізгі тақырыптардың бірі – Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған елдің саяси жүйесін жаңғырту мәселелері туралы болды.

Отырыста Нұрлан Нығматулин мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты кеңейту, сондай-ақ Президенттің саяси реформаларындағы негізгі - митинг және сайлау туралы заңдар жайында айтты.

Тараптар Қазақстан-Бельгия қарым-қатынастарының маңызды құрамдас бөлігі ретінде парламентаралық байланысты жандандыруды қолдады.

Өз кезегінде Элиан Тильё Қазақстанды өзінің даму жолын ұсынған мемлекет екенін, бүгінгі таңда қарқынды түрде дамып келе жатқанын алға тартты. Сонымен қатар, қос мемлекет арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толатынын атап өтіп, қалыптасқан саяси-экономикалық байланысты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.

Кездесу барысында Нұрлан Нығматулин мен Элиан Тильё заңнамалық тәжірибе алмасу, ынтымақтастық жөніндегі парламенттік топтар мен комитеттердің өзара іс-қимылы екі елдің жан-жақты әріптестігін ілгерілетуге ықпал ететініне сенім білдірді.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Құспанов).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі