Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
02.06.2021

Мәжіліс жер қатынастарын дамыту мәселелері туралы заңнамалық түзетулерді мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 2 маусым, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар бірқатар заң жобаларын мақұлдады.

Атап айтқанда, депутаттар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын I оқылымда мақұлдады.

Мәжіліс Төрағасының айтуынша, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі депутаттар әзірлеген жаңа заңнамалық түзетулер отандық кәсіпкерлерді заңсыз қысымнан қорғауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Осы заң жобасында жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау және қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау нәтижелері бойынша анықталған құқық бұзушылықтар үшін тұлғаларды әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін ескіру мерзімін бір жылға дейін ұлғайту, сондай-ақ прокурор қаулысын орындамағаны үшін жауаптылықты белгілеу ұсынылады.

Қазіргі уақытта мемлекеттік органдарды тексеру нәтижелеріне шағымдану процесі ұзақ уақыт алады. Соның салдарынан кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізу бөлігінде заңнаманы бұзған бақылау-қадағалау органдарының лауазымды адамдарын жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімдері өтіп кетеді.

Прокурордың қаулысын орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылықты белгілеу, ең алдымен, кәсіпкерлерді мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен қорғауға бағытталған. Ұсынылып отырған құрал прокурорлық қадағалаудың пәрменді және тиімді құралдарының біріне айналады және кәсіпкерлерді қорғаудың деңгейін арттырады.

Бүгінгі жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы I оқылымда мақұлданды.

Жерді пайдалану мен қорғауды бақылау заң деңгейінде күшейетінін  алға тартқан Нұрлан Нығматулин:

-Бұл құжат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен әзірленді. Осы заң жобасы бойынша, ең алдымен, халқымыздың назарында жүрген  өте маңызды жер мәселесі бойынша нақты шешім қабылданды. Ең бастысы, ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерді жалға беру заңмен бекітілді. Осы мәселеге қатысты қоғамда әртүрлі пікірлер, әртүрлі ойлар айтылды, - деді. 

Жалпы, заң жобасында жерді жеке меншікке беру 5 жылға тоқтатылады.

Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, қазақстандықтардың ауыл шаруашылыққа бағытталған жерлерін мемлекеттен сатып алмай, жалға беру құқығын иеліктен шығаруы мүмкіндігі қарастырылған.

Осы ретте, Палата Спикері жалпы заң жобасы жеке мал жаю үшін қажетті жайылым тапшылығын шешуге ықпал етіп, сондай-ақ, жер учаскелері бойынша ақпараттың қолжетімділігі мен ашықтығы да күшейетінін атап өтті.

Заң жобасында мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде орналастырылатын, ұзақ мерзімдік жалға берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері бойынша ақпаратқа (дербес деректерді көрсетпей) ашық қолжетімділік беру көзделеді.

Сонымен қатар, бүгінгі отырыста мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер I оқылымда мақұлданды.

Орталық мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру және қойылған мақсаттар мен міндеттерді уақтылы орындау мақсатында заң жобасында Қазақстан Республикасының Үкіметінен: мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға стратегиялық жоспарды іске асыру туралы есепті жасау және беру тәртібін белгілеу жөніндегі өкілеттіктерді; азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органға өрт қауіпсіздігі қағидаларын, сондай-ақ авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін құтқарушыларды аттестаттау тәртібін бекіту жөніндегі функцияларды; су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті органға республикалық меншіктегі су шаруашылығы құрылыстарын басқаруды ұйымдастыру жөніндегі құзыретті; автомобиль жолдары жөніндегі мемлекеттік уәкілетті органға автомобиль жолдарымен жүріп-тұруға арналған автокөлік құралдарының рұқсат етілген параметрлерін белгілеу жөніндегі функцияларды; геодезия және картография саласындағы уәкілетті органға аэротүсірілім жұмыстарын жүргізуге рұқсаттарды тіркеу, есепке алу және беру қағидаларын әзірлеу және бекіту жөніндегі өкілеттіктерді; халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органға тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін уәкілетті органдардың қызметін салааралық үйлестіру жөніндегі құзыретті беру көзделіп отыр.

Жалпы отырыс барысында рейдерлікке қарсы күресті күшейту, кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз араласуынан қорғау және бағалы металдардың заңсыз айналымына кедергі келтіретін шараларды күшейту мәселелері туралы заң жобасы II оқылымда мақұлданды.     

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: А.Платонов, А.Милютин, Ф.Қаменов, М.Раманқұлов, И.Смирнова, А.Сембинов, Б.Дүйсенбинов, Д.Мыңбай, Ю.Ли, А.Құспан, М.Төлепберген.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Құспанов).



Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі