Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
15.09.2021

Мәжілісте баланың құқықтарын қорғау мәселелері туралы заң жобасы I оқылымда мақұлданды


Нұр-Сұлтан, 15 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Палата депутаттары бірқатар жаңа заң жобаларын мақұлдады.

Онда депутаттардың бастамасымен әзірленген баланың құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты  заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Отырыс барысында депутаттар мен мемлекеттік орган өкілдері балалардың құқықтарын қорғауға қатысты пікір алмасып, заң жобасын жан-жақты талқылады. 

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин заң жобасында балалардың тұрғын үй және отбасылық жағдайда мүдделерін қорғауға, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу мәселелері қарастырылғанын атап өтті.

Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, соның ішінде, буллинг пен  кибербуллинг қоғамда қатты алаңдаушылық тудырып отыр. Балаларды осы қауіптен қорғайтын нақты нормалар қажет.

Санды мәліметке жүгінсек, 18 жасқа дейінгі жастар арасында өткен жылы 143 суицид және 306 өз-өзіне қол жұмсауға әрекет ету жағдайы болған. Тек жарты жылдың ішінде 105 суицид пен 193 өзіне қол сұғу әрекеті болған.

Шынымен буллинг және кибербуллинг деген – ол өте қауіпті нәрсе. Ол балалардың психологиясын бұзатын, суицидке алып баратын жол. Сондықтан, жаңа айтып кеткендей, балаларды, әсіресе, мектеп балаларды, буллинг және кибербуллингтен толықтай қорғайтын нақты нормалар енгізуіміз керек. Осыған байланысты, екінші оқылымға дейін тиісті жұмыс өткізу қажет, - деді Палата Спикері.

Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, бұл заң жобасы қазіргі қоғамға қажетті көптеген мәселелерді, әсіресе, балалардың құқығын қорғау жолындағы проблемаларды шешуге тиіс.

Палата Спикері атап өткендей, қазір балаларды қорғау үшін отбасылық қатынастар, білім беру, денсаулық сақтау салаларында қосымша шаралар қарастырылды. Заң жобасында жазылған нормалар, соның ішінде интернетте азаматтарды, әсіресе, балаларды осындай буллинг және кибербуллинг сияқты құбылыстардан қорғау керек.

Бұл нормалар заман талабы екенін айтқан Нұрлан Нығматулин осы заң жобасы Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың азаматтарды интернет арқылы қысым көрсетуден заң деңгейінде қорғау жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталғанын айтты. 

Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасының пікірінше, бір ғана заң жобасымен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы проблемаларды шешу мүмкін емес.

Бұл жерде, әрине, жүйелі шаралар, кешенді тәсілдер қажет. Ол үшін, барлық мүдделі мемлекеттік органдардың, педагогтар мен ата-аналар қауымының бірлескен жұмысы керек. Ал, депутаттық корпус өз тарапынан балалардың құқықтарын қорғау тетігін жетілдіру бойынша заңнамалық жағынан қолдау көрсетуге дайын, - деді Нұрлан Нығматулин.

Айта кету керек, заң жобасымен жұмыс істеу барысында балалардың тұрғынжайға құқықтарын қамтамасыз етуге, сондай-ақ отбасылық қатынастарда баланың мүдделерін қорғауға және интернет желісіндегі құқыққа қарсы контенттің алдын алуға арналған бірқатар нормалар қарастырылды.

Сонымен қатар, бүгінгі жалпы отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Осы заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар:

- акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыру бойынша құзыретті агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті органнан жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті органға беруге, сондай-ақ оған асыл тұқымды балық өсіруді дамыту бойынша құзыреттер беруге;

- аудиторлық қызмет, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік салаларында рұқсат беру рәсімдерін жүргізу бөлігінде уәкілетті органдардың құзыреттерін нақтылауға;

- аэротүсірілім жұмыстарын жүргізуге рұқсаттарды тіркеу, есепке алу және беру қағидаларын әзірлеу және бекіту жөніндегі нормаларды нақтылауға;

- арнайы мекемелердің қоғамдық бақылауын жүзеге асыру кезінде қоғамдық бақылау комиссияларының қызметі бойынша нормаларды нақтылауға бағытталған түзетулерді ұсынды.

Жалпы отырыс барысында Палатаның бейінді комитеті Қазақстан мен Тәжікстан Үкіметтері арасындағы тәжік-ауған шекарасына іргелес аудандарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуде әскери-техникалық жәрдем көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа алды.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: А.Жамалов, А.Нұркина, Е.Смаилов,  А. Милютин, Е.Өмірғали, М.Тәжмағамбетова, М.Раманқұлов, Ю. Ли, С.Симонов, С. Ертаев, Ф. Каменов, Д.Еспаева.

***

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Ақ жол» партиясының тізімі бойынша Ғани Болатұлы Хамзин Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен Мәжіліс депутаты ретінде тіркеліп, Конституцияның 51-бабының 6-тармағына сәйкес Қазақстан халқына ант беріп, Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің құрамына сайланды.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Жумабеков).



Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі