Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
06.10.2021

Мәжілісте «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасы I оқылымда мақұлданды


Нұр-Сұлтан, 6 қазан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар заң жобаларын мақұлдап, бірқатар жаңа заң жобарларын жұмысқа алды.

Атап айтқанда, «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасы бірінші оқылымда ілеспе түзетулерімен мақұлданды.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин аталған құжат өңдеу өнеркәсібін дамыту және өнеркәсіп саласының инвестициялық тартымдылығы мен экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталғанын атап өтті.

Осы құжаттағы жаңалықтарының бірі - мемлекеттік қолдау шараларын алушы кәсіпорындар үшін қарсы міндеттемелерді белгілеу. Яғни, мемлекет инвестицияланған ақшадан нақты нәтиже күтуге құқылы.

Бұл ретте, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин мемлекеттік қолдау шараларын алу кезінде бизнеске мүмкін емес міндеттемелерді жүктемеу керектігіне назар аударды.

Мәселен, мемлекеттен қолдау күткен кәсіпкер, өз бизнесін қалай жоспарлайды? Өйткені, ол өзінен не талап етілетінін білмейді ғой. Осы заң жобасының үкіметтік нұсқасында да анық көрсетіліп тұр. Кәсіпкер қатаң талаптан құтылу үшін шенеуніктің алдына барып, өтініш жасауына тура келеді. Әрі қарай түсінікті. Шенеунікке ешқандай бақылаусыз шешім қабылдауға мүмкіндік бер, бірден сыбайластық құқықбұзушылыққа жол ашады. Сондықтан, бұл норманы үкіметтік нұсқа бойынша қалдыруға болмайды, - деді Мәжіліс Төрағасы.

Сонымен қатар, Нұрлан Нығматулин мемлекеттік қолдауға жүгінген кәсіпкерлерге талапты қатаңдатуға болмайтынына назар аударды. Осыған сәйкес, жұмыс тобына жауапты министрлікпен бірге екінші оқылымға дейін тиісті міндеттемелер жөніндегі норманы нақты, анық және түсінікті етіп толықтыру қажеттігін айтты.

Жалпы отырыста көрнекі ақпарат мәселелеріне қатысты түзетулер  екінші оқылымда мақұлданды.

Бұл заң жобасының мақсаты - орфография нормаларын және мәтіндердің теңтүпнұсқалы аудармасын сақтау жөніндегі талаптарды белгілеу арқылы деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасын одан әрі жетілдіру.

Жалпы отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» және заң жобасын жұмысқа алды. Сонымен қатар, аталған заң жобасына қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық және Салық кодекстеріне өзгерістер енгізу туралы ілеспе заң жобаларын жұмысқа алды.

Сонымен қатар, Мәжілістің Палата комитеттері жұмысқа алған  заң жобаларының қатарында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің және жауапкершілік аймақтарының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобалары және оған ілеспе түзетулері бар.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: С. Ерубаев, Ж.Ахметбеков, А. Қожахметов, А. Қоңыров, Ш.Осинь, А. Әбілдаев, А.Жұмабаева, Н.Ожаев, Ғ.Әміреев.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Жұмабеков)



Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі