Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
08.10.2021

Мәжілісте жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң жобасының таныстырылымы өтті


Нұр-Сұлтан, 8 қазан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерінің таныстырылымы өтті.

Бейнеконференция форматында өткен іс-шараға Мәжіліс депутаттарымен қатар, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғамдық бірлестіктер мен зоологиялық қорғау ұйымдарының және ҮЕҰ, «Атамекен» ҰКП, сондай-ақ, Парламентке ұсынылмаған «Бірлік», «Ауыл» және ЖСДП партияларының өкілдері қатысты. 

Отырысты ашқан Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы А. Милютин қаралып отырған заң жобалары Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес әзірленгенін және адамдардың тарапынан жануарлардың түрлі санаттарымен күнделікті өзара іс-әрекеті кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеу қажеттілігінен туындағанын атап өтті.

Бұл заң жобасын қабылдаудың мақсаты жануарларға қарауды құқықтық реттеу, оларға ізгілікті қарау болып табылады.

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ә. Шалабекова жануардың өмірі, денсаулығы және жағдайы үшін иесінің жеке жауапкершілігі жайында толығырақ баяндады. Атап айтқанда, әкімшілік қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ жануарларға қатыгездікпен қарағаны үшін және қылмыстық жауаптылық жануардың өліміне әкеп соққан құқық бұзушылық үшін жаза 120-дан 200 АЕК-ке дейін, ал қайталап бұзған кезде-1000 АЕК-ке дейін айыппұл салуға не бір жылға дейін бас бостандығынан айыруға қатаңдатылады деп жоспарлануда.  

Сонымен қатар, вице-министр заң жобасында жекелеген санаттағы жануарларды ұстау және ұстау кезіндегі талаптар айқындалғанын айтты. Олар: мәдени ойын-сауық мақсаттарында; эксперименттік (зертханалық) жануарлар; қызметтік жануарлар; үй жануарлары; қараусыз және қаңғыбас жануарлар.

Қарастырылып отырған заң жобасында жануарларға қатысты жағымсыз көріністерге тосқауыл қойылмақ. Мұндай көріністерге иттердің төбелесін өткізу, анестезиясыз ветеринариялық операциялар жүргізу, жануарларды заңсыз өлтіру, әлсірету және оларға уақтылы көмек көрсетпеу, қатыгездікпен аулау, жануарлардың еті мен майын пайдалану, сондай-ақ жеуге және өнім алуға арналмаған әрекеттер жатады.

Ал «Чиптеу» мәселесіне қатысты жауапты мемлекеттік органның өкілі  заң жобасы үй жануарларын есепке алу өнімін (құралын) иелері есебінен ақылы негізде міндетті есепке алуды енгізетінін хабарлады.

Отырыс барысында вице-министр депутаттар мен қоғам өкілдері тарапынан қойылған көптеген сұрақтарға жауап беріп, пікір алмасты.

Аталған заң жобасы бойынша жұмыс тобына Мәжіліс депутаты А.Милютин жетекшілік етіп, айтылған ұсыныстар жұмыс тобының отырыстарында қаралатын болады.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі -74-63-01. Суретті түсірген С.Сайлыбаев).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі