Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
13.10.2021

Мәжілісте Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң жобасы ілеспе түзетулермен таныстырылды


Нұр-Сұлтан, 13 қазан, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасы ілеспе түзетулермен таныстырылды.

Іс-шараға Парламент депутаттары, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, БҰҰДБ және ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы Бағдарламалар офисінің, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, парламенттік емес саяси партиялардың өкілдері және ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Отырысты ашқан Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметов VII сайланған Парламенттің I сессиясының ашылуында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік саясаттың маңызды басымдығы адам құқықтарын қорғау болып табылатынын атап өтті.

Осыған байланысты Парламенттің қос палата депутаттары халықаралық тәжірибені, ең алдымен, адам құқықтарын көтермелеумен және қорғаумен айналысатын ұлттық мекемелердің мәртебесіне қатысты қағидаттарды (Париж қағидаттары), омбудсмен институтын қорғау және нығайту қағидаттарын («Венециандық қағидаттар»), сондай-ақ таяу және алыс шетелдердегі адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің ерекшеліктері мен қағидаттарын мұқият зерделеді. Нәтижесінде «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасы ілеспе түзетулермен әзірленді.

Заң жобаларының мақсаты Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл институтын нығайту, уәкілдің еліміздегі адам және азамат құқықтарын қорғау жөніндегі өзіне жүктелген міндеттерін тиімді орындауы үшін жағдай жасау болып табылады.

Құжаттың негізгі ережелері туралы Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Ирина Унжакова баяндама жасады. Депутаттың айтуынша, заң жобаларының негізгі жаңалықтары адам құқықтарын қолдаумен және қорғаумен айналысатын ұлттық мекемелердің мәртебесіне қатысты қағидаттарға (Париж қағидаттары), сондай-ақ Омбудсмен институтын қорғау және нығайту қағидаттарына («Венециялық қағидаттар») сәйкес Уәкіл лауазымы бес жыл мерзімге сайланатын (сайлайтын) негізде бекітіледі. Қазақстан Республикасы Конституциясының 55-бабына сәйкес омбудсменді бес жыл мерзімге лауазымға сайлау және лауазымнан босату Сенат құзырында.

Мүдделер қақтығысын болдырмау мақсатында ол қызмет кезеңінде саяси қызметпен айналыса алмайды, мемлекеттік қызметте бола алмайды, оқытушылық, ғылыми не өзге де шығармашылық қызметтерді қоспағанда, басқа ақы төленетін қызметпен айналыса алмайды.

Уәкілдің қызметі заңдылық, объективтілік және әділдік, ашықтық, сондай-ақ адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары мүддесінде тәуелсіздік, жауапкершілік және бейтарап болу қағидаттарына негізделуге тиіс екенін атап өту қажет. Осы мақсаттарда, Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа қол сұғылмаушылық мәртебесі беріледі. Осыған байланысты оны жауаптылыққа тартудың ерекше тәртібі енгізіледі. Сонымен қатар, уәкіл куәгерлік айғақтар беруден босатылады, сондай-ақ оның заңды қызметіне араласқаны не кедергі келтіргені үшін жауаптылық көзделеді.

Бұдан басқа, заң жобасында Уәкілдің адамның және азаматтың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бөлігіндегі өкілеттіктерін едәуір кеңейту ұсынылады. Мәселен, Уәкіл арыз берушіден шағымды қарауға қабылдап қана қоймай, егер оған бұқаралық ақпарат құралдарынан адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзу фактілері туралы белгілі болған жағдайда, заң жобасында көзделген шараларды қамтамасыз ете отырып, осы бұзушылықтар туралы шағымды қарауға бастамашы болуға құқылы екендігі айтылады.

Енді ол заң шығару бастамасы құқығы субъектілеріне Қазақстан Республикасының заңнамасына түзетулер енгізу туралы ұсыныстармен жүгіне алады, өз өтінішін тікелей Президентке, Парламентке немесе үкіметке жібере алады.

Сондай-ақ, заң жобасында Уәкілдің Президентке жыл сайынғы баяндамасын міндетті түрде ресми интернет-ресурста жариялай отырып ұсыну көзделген, бұл ел жұртшылығын оның қызметінің қорытындыларымен таныстыруға мүмкіндік береді.

Тағы бір жаңалық- заң жобасында өңірдегі Уәкіл өкілінің мәртебесі мен қызметі, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың негізгі функциялары бекітіледі, қаржыландыру көздері айқындалады.

Заң жобасын іске асыру облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы және астанадағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өкілінің лауазымын құру, сондай-ақ оның өңірдегі қызметін қамтамасыз ету бөлігінде республикалық бюджеттің шығыстарын ұлғайтуды талап етеді.

Іс-шара барысында депутаттар мен отырысқа қатысушылар сұрақтар қойып, пікір алмасты.

Отырыста айтылған ұсыныстар мен пікірлер одан әрі Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Дмитрий Колода жетекшілік ететін жұмыс тобында қаралатын болады.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-04. Суретті түсірген – С. Майлыбаев, Ж. Жұмабеков).

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі