Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
20.10.2021

Мәжіліс «2022 – 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 20 қазан, Мәжіліс үйі. Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Мәжіліс еліміздің басты қаржылық құжаттарының жобаларын мақұлдады.

Коронавирус індеті басталған бір жарым жылдан бері алғаш рет Мәжілістің жалпы отырысы бұрынғы, толыққанды офлайн форматта,  журналистердің қатысуымен өтті. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин атап өткендей, бұл өте маңызды сәт. Өйткені, депутаттардың, мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдары басшыларының тікелей өзара байланысы ашықтық пен қоғамдық сенімнің артуына ықпал етеді.

Депутаттар алдында 2022–2024 жылдарға арналған республикалық бюджет және осы жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев және Ұлттық Банктің Төрағасы Ерболат Досаев баяндама жасады.

Республикалық бюджет туралы заң жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының тапсырмалары және партияның сайлауалды бағдарламасы негізінде әзірленді. Осы ретте, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин жол картасының барлық тармақтары уақытылы және толық қаржыландырылуы тиіс екенін айтты. Бұл мәселе нұротандық депутаттардың тұрақты бақылауында. Осы мақсатта бюджет жобасын Мәжілісте қарау барысында әлеуметтік инфрақұрылымды салу, қайта жаңарту және жөндеу жөніндегі жобаларға, ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтауға, оңалту орталықтарын салуға арналған шығыстар ұлғайтылды.

Айта кету керек, 2022 жылға арналған республикалық бюджет кірістерінің болжамы (трансферттер түсімін есепке алмағанда) 9 207 439 309 мың теңге сомасында айқындалды немесе 1 515 856 222 мың теңгеге асып түсе отырып, ағымдағы жылғы бағалауға қатысты 119,7 %-ды құрайды.

2022 жылға арналған республикалық бюджет кірістері 2021 жыл бағалауына қарсы 1 518 927 299 мың теңгеге ұлғаяды.

Республикалық бюджет шығыстарының жалпы көлемі 2022 жылы – 15 911 187 727 мың теңге, 2023 жылы – 15 623 261 858 мың теңге, 2024 жылы16 027 581 647 мың теңге сомасында жоспарлануда.

Республикалық бюджет тапшылығы 2022 жылы ЖІӨ-ге қатысты 3,3%, 2023 жылы ЖІӨ-ге қатысты 2,8% және 2024 жылы ЖІӨ-ге қатысты 2,5% деңгейінде айқындалды.

Cонымен қатар, «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022 – 2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасы Ұлттық қордан 2022 жылға арналған республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферт мөлшерін 2022 жылға 2 400 млрд. теңге, 2023 жылға 2 200 млрд. теңге, 2024 жылға 2 000 млрд. теңге көлемінде бекітуді көздейді.

Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет жобасы мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындауға мүмкіндік беріп, елді дамыту мақсаттарына жауап беретін, пандемиядан кейінгі қалпына келтірудің күрделі жағдайларын ескеретін етіп жасалған. Бұл ретте депутаттардың да, Үкіметтің де міндетібөлінген қаражаттың мақсатты, ашық әрі тиімді игерілуі.

Заң жобаларын талқылау барысында депутаттар жауапты мемлекеттік органдардың басшыларына бірқатар сұрақтар қойып, өз пікірлерімен бөлісті.

Атап айтқанда, депутаттар үшжылдық бюджет жобасында мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсартуға 79,8 млрд. теңге қарастырылғанын, осы қаражат есебінен мүгедек адамдар техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етілетініне тоқталды. Олар протездер, арбалар, санаторий-курорттық ем алу. Сондай-ақ 84 мың техникалық компенсаторлық құрал, 9,6 мың есту аппараты, 16 мың тифлотехникалық құрал және басқалары сатып алынатын болады. Депутаттардың пікірінше, 2020 жылдан бері аталған тауарларды сатып алу «Әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы» деп аталатын министрліктің ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылған. Нәтижесінде адамдар көптеген проблемаларға тап болды. Айталық олар тауарлардың сапасын анықтап, тәуекелдер үшін өздері жауап беру керек. Егер ақаулар табылған жағдайда, қайтару мәселесін де өз есебінен шешулері керек. Осы ретте, халық қалаулылары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басшысына сапалы жұмыспен қамтамасыз ету мәселесін көтерді.

Осыған байланысты Нұрлан Нығматулин:

-Бұл проблема бүгін ғана айтылып отырған жоқ. Бұл туралы депутаттар Сіздің атыңызға депутаттық сауал да жолдады. Сіз шешуге уәде бердіңіз. Бірақ, жарты жыл өтті. Әлі ешқандай өзгерістер жоқ. Қандай жұмыс жасалды? Бүгін міне, тағы да бөлінетін қаражатты көбейтуді сұрап отырсыз. Ал, оның нәтижесі қандай болады? Әрине осындай кісілерге көмектесуіміз қажет.Сол үшін әр бюджетті қараған кезде ең көп қаржы сіздерге бөлінеді. Оған сәйкес, нәтиже де жоғары деңгейде болу керек, - деді.

Сонымен қатар, бюджеттік заң жобаны талқылау барысында мемлекеттің тұрақты дамуына экономикалық және әлеуметтік ахуалға қатысты сұрақтар жан-жақты қаралды. Нәтижесінде 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджетті мақұлдау жөніндегі каулы қабылданды. Осыған орай Мәжіліс Төрағасы:

- Осы үш жылдық бюджетте бірінші кезекте, әдеттегідей, әлеуметтік міндеттерді қаржыландыруға ерекше назар аударылды. Шын мәнінде, бюджеттің жартысы осы  салаға арналды деуге болады. Сонымен бірге, еңбекпен қамту, кәсіпкерлікті қолдау, бизнесті дамыту, ауылды өркендету басқа да салаларға тиісті   қаражаттар  қаралды.  Осының нәтижесінде біз еліміздің  және халқымыздың әлеуметтік-экономикалық бағытын одан әрі нығайтуға тағы  бір  нақты  қадам   жасадық. Енді басты міндет  – осы қаражаттарды  жоспарға сәйкес, өз уақытында,   тиімді  пайдалану.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Жұмабеков)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі