Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
27.10.2021

Мәжіліс Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 27 қазан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Палата депутаттары бірқатар жаңа заң жобаларын мақұлдады.

Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» және оған ілеспе заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бұл еліміз үшін өте маңызды, өте  қажетті құжаттардың бірі екенін атап өтіп, осы мақұлдаған заң жобасы Президент бастамашы болған саяси реформа аясында әзірленгенін айтты.

- Бұл еліміз үшін өте маңызды, өте қажетті құжаттардың бірі. Осы енгізілген өзгерістердің нәтижесінде омбудсменнің қызметін, өкілдігін, жалпы адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтын нығайтуға нақты қадам жасалып отыр. Бұл мемлекет және азаматтық қоғам арасындағы байланысты одан әрі тереңдетуге жаңа жол ашатыны сөзсіз, - деді.

Нұрлан Нығматулин атап өткендей, адам құқықтарының бұзылуын қалпына келтіру бойынша омбудсменнің өкілеттіктері айтарлықтай кеңейді.

Айта кету керек, бүгінде Омбудсмен институтын оның құқықтық мәртебесін, қызметінің қағидаттары мен кепілдіктерін, сондай-ақ адамның және азаматтың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жөніндегі құзыретті заңнамалық деңгейде нақты айқындау арқылы одан әрі дамыту қажеттігі жетілдірілді.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодекстерге түзетулер енгізу туралы заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды.

Сондай-ақ, жалпы отырыста «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» және оған ілеспе заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды.    

Заң жобасының негізгі мақсаты – «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасының ережелеріне сәйкес келтіру.

Заң жобасымен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Ветеринария туралы», «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізіледі.

Атап айтқанда, түзетулер Қылмыстық кодекстің 316-бабына (екі және одан да көп жануарларға қатысты  жас баланың қатысуымен, осы әрекетті бұқаралық ақпарат құралдарында немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып жария түрде немесе жария түрде көрсету арқылы жасалған, олардың мертігуіне, қырылуына әкеп соққан қатыгездікпен қарау) санкцияларды ұлғайту арқылы жануарларға қатыгездікпен қарағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.

Осы жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелеріне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды.

Сонымен қатар, Мәжілістің бейінді комитеттері жалпы отырыста Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы заң жобасын және Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы Салық кодексін жұмысқа алды.

Мәжіліс депутаттары мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуы, байланыс, автомобиль көлігі және қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына Сенат енгізген түзетулермен келісті.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: М.Раманқұлов, Е.Абақанов, Б.Дүйсембинов, Е.Жаңбыршин, Ғ.Елеуов.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Жұмабеков)



Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі