Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
19.01.2022

Мәжіліс ЕАЭО елдерінде электр энергиясының ортақ нарығын құруға бағытталған заң жобасын мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 19 қаңтар, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Палата депутаттары бірқатар заң жобаларын мақұлдады.

Атап айтқанда, депутаттар Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа (Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру бөлігінде) өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.

Хаттаманың мақсаты электр энергиясын өндірушілер мен тұтынушылардың, сондай-ақ Одақ ОЭЭН-інің басқа да субъектілерінің экономикалық мүдделерінің теңгерімін сақтай отырып, Арменияның, Беларусьтің, Қазақстанның, Қырғызстанның және Ресейдің ұлттық электр энергиясы нарықтарын интеграциялау арқылы Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын (бұдан әрі – Одақ ОЭЭН-і) құру болып табылады.

Ортақ электр энергетикалық нарықты қалыптастыру мүше мемлекеттердің ішкі тұтынушыларын электр энергиясымен басым қамтамасыз ету ескеріле отырып, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің ұлттық электр энергиясы нарықтарын интеграциялау арқылы кезең-кезеңмен жүргізілетін болады. Осылайша, тең құқықтық, өзара тиімділік және мүше мемлекеттердің кез келгеніне экономикалық залал келтірмеу негізіндегі ынтымақтастық үшін жағдайлар жасалатын болады.

Нұрлан Нығматулин Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай энергетикалық жүйесін құру кезінде Қазақстанның мүддесі ескерілуі керек екенін айтты. Электр энергиясын жеткізудің еларалық құрылымын қалыптастыруға қуаттардың, базалық инфрақұрылымның, сондай-ақ ЕАЭО мемлекеттерінің электр энергетикалық жүйелеріне ортақ техникалық стандарттарының болуы ықпал етеді.

Мәжіліс Төрағасы заң жобасын әзірлеуші Энергетика министрлігінің назарын ортақ нарыққа қатысушылардың өзара қарым-қатынасына қатысты ережелерді құрудың маңыздылығына аудара отырып:

-Бірыңғай энергия жүйесін құру ол, әрине, керек нәрсе. Оған ешқандай  күмән жоқ. Ол – бәсекеге қабілетті арттыру үшін керек. Ол, жалпы, осы секторды дамытуға жол  ашады Бірақ та, осы, бірыңғай энергия жүйесін құрғанда, ең бастысы, өз еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін сақтап қалуымыз керек. Ол, өте манызды мәселе, - деді.

Бұл ретте Нұрлан Нығматулин еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жеке энергетикалық қуаттарды дамытуды талап ететінін атап өтті. Осыған байланысты энергия көздеріне толық техникалық аудит жүргізіп, елімізде 40-50 жыл және одан да көп жұмыс істеп тұрған негізгі өндіруші қуаттарды жаңғырту бойынша нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу қажеттігіне тоқталды.

Сонымен қатар, бүгінгі жалпы отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.

Заң жобасы Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру үшін әзірленді.

Заң жобасын қабылдаудың мақсаты биліктің өкілді тармағында әйелдердің және жастардың, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың да қатысуын қамтамасыз ету және пікірін ескеру, оларды мемлекеттің тыныс-тіршілігінде белсенді жұмысқа тарту болып табылады.

Бұл тәсіл қоғамдағы әлеуметтік теңгерімсіздікті жоюға бағытталған және заманауи сұранымдарға жауап береді. Мұндай жағдайларда биліктің өкілді органдарын қалыптастырудың құқықтық тетіктерін жетілдіру неғұрлым өзекті әлеуметтік проблемаларды шешуде азаматтардың неғұрлым кең санатының пікірін ескеруге мүмкіндік береді.

Заң жобасының нормалары тыныс-тіршіліктің барлық салаларында жыныстар теңдігін қамтамасыз ету мақсатында қоғамның құқықтық және саяси мәдениетінің деңгейін арттыруды, сондай-ақ әртүрлі кандидаттарды ұсыну арқылы сайлау бағдарламаларын әртараптандыруды (алуантүрлілікті арттыру мақсатында өзгертуді), әйелдердің, жастардың және мүгедектігі бар адамдардың олардың азаматтық ұстанымдарын көрсету үшін белсенді тартуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Аталған құжат ережелерін реттеудің мәні биліктің өкілді тармағында депутаттық мандаттарды бөлуге, сондай-ақ квоталанатын адамдардың тізбесіне байланысты қоғамдық қатынастар болып табылады, өйткені әйелдер мен жастардан басқа, мүгедектігі бар адамдар үшін де міндетті квота белгілеу ұсынылады.

Сондай-ақ, жалпы отырыста «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды.

Заң жобасын қабылдаудың мақсаты квоталанатын санаттарды оған мүгедектігі бар адамдарды енгізе отырып кеңейту болып табылады. Әйелдерді, жастарды және мүгедектігі бар адамдарды елдегі саяси мәселелерге белсенді тарту нормашығару процесіне қатысу арқылы елдің неғұрлым осал және проблемалық мәселелерін шешуде осы санаттардың пікірін ескеруге мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, депутаттық мандаттарды бөлу кезінде әйелдерді, жастарды және мүгедектігі бар адамдарды міндетті түрде қосу әлеуметтік артықшылықтарға ие. Сонымен, саяси лауазымның осы санаттарымен айналысу әлеуметтік-саяси, құқықтық мәселелерді шешуде олардың пікірлерін ескеруге мүмкіндік береді. Өмірдің барлық салаларындағы белсенділікті және қоғамның одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуын арттырады.

Сонымен қатар, отырыс барысында Палатаның комитеттері Қазақстан мен Қытай арасындағы Ядролық материалдарды, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды және радиациялық-қауіпті заттарды заңсыз өткізуді болғызбаудағы өзара іс-қимыл жөніндегі келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа алды.

Жиын соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: З.Сүлейменова, Е.Өмірғали, А.Қоңыров, Е. Смышляева, Д. Еспаева, І.Бұларов, А.Перуашев, И.Смирнова.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсірген C.Майлыбаев)



Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі