Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
14.03.2022

Мәжілісте қаңтар оқиғасының тергелу барысы туралы жалпы отырыс өтті


Нұр-Сұлтан, 14 наурыз, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. 2022 жылдың 9 наурызында депутат Жанарбек Әшімжанов Бас прокуратураға қаңтар оқиғасының тергелу барысы туралы ауызша жауап беруді сұрап, депутаттық сауал жолдады. Осыған орай Бас прокурордың ауызша жауабы туралы мәселе қаралды.

Жиын ашық форматта, тікелей эфирде өтті және Мәжілістен 100-ден астам журналист хабар таратты.

Отырысқа негізгі баяндамашылар ретінде Бас прокурор Б. Асылов, Ішкі істер министрі М. Ахметжанов, Қорғаныс министрі Р. Жақсылықов және  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің  төрағасы О. Бектенов қатысты. Cонымен қатар Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Р.Скляр, Ұлттық экономика министрі Ә. Қуантыров, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Э. Әзімова, Адам құқығын қорғаумен айналысатын ұйымдардың өкілдері – А. Омарова мен А. Құспан қатысып, сөз сөйледі.

Депутаттар алдында баяндама жасаған Бас прокурор Берік  Асылов тергеудің мән-жайы туралы жан-жақты баяндады.

Бас прокурор атап өткендей, Мемлекет Басшысы құзырлы  органдарға қаңтар оқиғасының себептерін егжей-тегжейлі тергеп-тексеруді тапсырды. Аталған фактілер бойынша барлығы 3770 қылмыстық іс қозғалған. Басым бөлігі – адам өлтіру, ұрлық, қарақшылық, бұзақылық және қару ұрлау. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеудің заңсыз тәсілдерін қолдану фактілері бойынша 234 істі жүргізуде. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке опасыздық жасау, билікті басып алуға әрекет ету және аса ірі мөлшерде пара алу бойынша 15 істі тергеуде.

Сонымен қатар Бас прокурордың айтуынша елімізде барлығы 230 адам қаза тапты.

Одан әрі баяндама жасаған Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов қаңтар оқиғасы кезінде 19 қызметкер қаза тапқанын, 3 мыңнан астам полиция мен әскери қызметшілер жарақат алғанын айтты. Сондай-ақ министр біраз қызметкер әлі де ем алып, денсаулықтарына байланысты қызметтерін жалғастыра алмайтынын жеткізді.

Өз кезегінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің  төрағасы Олжас Бектенов:

– Біздің басты мақсатымыз оқиғалардың бүкіл хронологиясын анықтау және әрбір өтініш бойынша объективті құқықтық баға беру. Тәртіпсіздіктер бейберекет әрі жаппай болғандықтан, бұған біраз уақыт қажет, – деді.

Сонымен бірге Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр тәртіпсіздік кезінде 1630 шағын орта бизнес субъектісіне шамамен 38,6 млрд теңгеге шығын келтірілгенін айтты. Р.Склярдың айтуынша, өтемақы залал сомасы құжаттық расталғаннан кейін жүзеге асырылмақ.

Төлемдер Үкімет резервінен, сондай-ақ жеке қаражат есебінен жүзеге асырылады. Осы жылдың 11 наурызындағы жағдай бойынша өңірлік комиссиялар жалпы сомасы 5,3 млрд теңгеге 1192-сі өтініш мақұлдады. Тағы 438 кәсіпкер бағалау рәсімдері аяқталғаннан кейін өтемақы алады, – деді Премьер-Министрінің бірінші орынбасары.

Ал қаңтар оқиғасын зерттейтін қоғамдық комиссияның төрайымы, адвокат Айман Омарова қаңтардағы жағдайды тұрақтандырудағы Президенттің ерекше рөлін атап өтті.

Одан әрі депутаттар тиісті мемлекеттік органдардың басшыларына сұрақ қойып, пікір алысты.

Жиынды қорытындылаған Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов:

Осы сын сағаттарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев шұғыл да жігерлі шешімдер қабылдап, елді осындай ауыр соққыдан алып шықты. Жағдай қысқа мерзімде тұрақталды. Бүгінгі отырыста сөз сөйлеген азаматтардың барлығы да Президентіміздің табанды шешімдерінің арқасында мемлекеттігіміздің сақталып қалғанын атап өтті. Уақыт өте келе, бұл елдік пен тұтастықтықты сақтап қалу үшін жасалған бірден-бір дұрыс қадам екенін түсініп отырмыз. Заңдық тұрғыдан барлығы мінсіз болуы керек. Асығыстық танытуға болмайды. Себебі таразы басында адамдардың тағдыры тұр. Бұл жөнінде Президенттің кінәсіз адам жазаға тартылмауға тиіс, ал қылмыскерлер қатаң жазасын алуы қажет деген тапсырмасы бар. Ол тапсырма мүлтіксіз орындалуы керек, – деді.

Сонымен қатар жиында Мәжіліс депутаттары Қазақстан мен Армения арасындағы Армения Республикасына мұнай өнімдерін беру саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа алды.

Жалпы отырыста Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Зүлфия Сүлейменова мен Владимир Тохтасуновтың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы қабылданды. Сонымен қатар жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты Гауһар Нұғманова ант беріп, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамына сайланды. Ал жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты Магеррам Магеррамов Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің құрамына сайланды.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Жұмабеков).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі