Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
29.04.2022

Ерлан Қошанов Корея Республикасының Қазақстандағы елшісімен кездесті


 

Нұр-Сұлтан. 29 сәуір, Мәжіліс үйі. Мәжілісте Палата Спикері Ерлан Қошанов Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ку Хонг Сокты қабылдады.

Кездесуде Мәжіліс Төрағасы Қазақстанның Кореямен екіжақты қарым-қатынасты дамытуға ерекше мән беріп отырғанын атап өтті. Екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағана 30 жыл толды. Осы уақыт ішінде көптеген салаларда қарқынды диалог жолға қойылды. Бұған ең алдымен екі мемлекет басшылары арасындағы қалыптасқан диалогтың нәтижесінде қол жеткізілді.

Ерлан Қошанов дипломаттың Қазақстандағы жұмысына сәттілік тілеп, бұл кездесу 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында өтіп жатқанын және елімізде 130-дан астам этнос өкілдері достық пен келісімде өмір сүріп келетінін айтты.

- Бұл – еліміздің бірегей артықшылықтарының бірі, – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс Төрағасы бүгінгі күннің тарихи маңызына да ерекше назар аударды.

- Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ассамблеяның кезекті сессиясында жариялаған ел Конституциясын өзгерту бойынша референдум өткізу туралы шешімімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл біздің еліміздегі үлкен саяси өзгерістердің бастауы, – деді Палата Спикері.

Ерлан Қошанов Ку Хонг Сокты ел Президентінің Жолдауында айтылған саяси реформаларға байланысты алдағы айтулы өзгерістер жайлы хабардар етті. Осы орайда Мәжіліс спикері қазақстандық Парламент өкілдері күрделі өзгерістерді іске асыру үшін Кореяның заң шығару тәжірибесін зерделеудің маңыздылығын атап өтті.

Мәжіліс Төрағасы Корея Республикасымен сенімді және тату көршілік қарым-қатынасқа тоқталып, бұған қазіргі елімізде тұратын этникалық корейлер де септігін тигізіп отырғанын және  олардың Қазақстан дамуына зор үлес қосып келетінін айтты.

Өз кезегінде дипломат Кореяның Қазақстанмен байланысты арттыруға мүдделі екенін айтып, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы өзара тиімді серіктестікті кеңейтуге дайын екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар Ку Хонг Сок екі ел арасындағы жаңа экономикалық ынтымақтастық бағдарлама аясындағы табысты ықпалдастықты, мәдени-гуманитарлық саладағы зор мүмкіндіктерді атап өтті.

Тараптар кең ауқымды мәселелер бойынша парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту бағытына ерекше мән берді.

Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-02

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі