Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
13.05.2022

Қазақстан мен Қырғызстан Парламент өкілдері екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады


Нұр-Сұлтан, 13 мамыр, Мәжіліс үйі. Бүгін Жамбыл облысының Қордай шекара маңындағы ауылда Қазақстан мен Қырғызстан Парламент өкілдері кездесті.

Депутаттар қазақ-қырғыз мемлекеттік шекарасындағы «Қарасу» бақылау-өткізу пунктінде болып, жеке тұлғалар мен көлік құралдарының шекарадан өту тәртібімен, сондай-ақ автокөлікті техникалық бақылаудың тексеру кешенінің жұмысымен танысты.

Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің бірлескен отырысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, ЕАЭО шеңберінде көлік-логистикалық проблемаларды шешу мәселелеріндегі екіжақты өзара іс-қимылдың ауқымды мәселелерін талқылады.

Комитет төрағасы Айгүл Құспанның айтуынша, елдер арасындағы ынтымақтастықты дамыту, логистикалық құрамдас бөлікті жетілдіру екіжақты қатынастарды нығайтудағы маңызды фактор. 

Өз кезегінде Жогорку Кенештің салалық комитетінің басшысы Шыңғыс Айдарбеков Қазақстан Қырғызстанның маңызды сауда серіктесі екенін атап өтті. Оған дәлел елдер арасындағы тауар айналымы өткен жылы 1 млрд.астам АҚШ долларын құраған.

– Бұл біздің өзара іс-қимылымыздың зор әлеуетін көрсетеді. Оны қол жеткізілген уағдаластықтар шеңберінде одан әрі дамыту маңызды, - деп атап өтті Қырғызстан депутаты.

Кездесу барысында тараптар осы жылдың 23-24 маусымында Шолпон-Ата қаласында өтетін ТүркПА-ның кезекті отырысын дайындау және өткізу мәселелерін талқылады.

Отырысты қорытындылай келе, тараптар мұндай кездесулер екіжақты қарым-қатынастарды жандандыруға және парламенттік дипломатияның рөлін күшейтуге ықпал ететінін атап өтті.

Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01.

Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Елшілігінің материалы бойынша

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі