Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
16.05.2022

Мәжіліс депутаты: әр адамның референдумға қатысуы маңызды


Нұр-Сұлтан, 16 мамыр, Мәжіліс үйі. Мәжіліс депутаттарының жалпыхалықтық референдумды түсіндіру бойынша өңірлерге сапары жалғасуда. Бүгін «Ақ жол» және «Қазақстан халық партиясы» фракциясының депутаттары Маңғыстау және Алматы облыстарына барды.

«Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев Маңғыстау облысына барып, «МАЭК-Қазатом өнеркәсіп» ұжымымен кездесті.

Депутат конституциялық реформаны іске асырудың басты кепілі халық екендігін тілге тиек етіп, жалпыхалықтық референдумда сайлау учаскелеріне барып, дауыс беруге шақырды.

- Бұл референдумның саяси, тарихи маңызынан бөлек әлеуметтік, экономикалық маңызы терең. Біз жаңа мемлекеттік басқару моделіне, жаңа саяси жүйеге қадам басқалы отырмыз. Биліктің үш тармағы арасында яғни атқарушы билік, өкілетті орган және сот тармағы арасындағы қарым-қатынасты теңестіру. Мемлекеттік билікті халыққа жақындату бұл саяси науқанның басты мақсаты, – деді Азат Перуашев.

Сонымен қатар бүгін Қазақстан халық партиясының мүшелері Ерлан Смайлов, Ғазиз Құлахметов және Айжан Сқақова Алматы облысындағы Текелі қаласына барды. Онда депутаттар бірқатар еңбек ұжымымен жүздесіп, референдумның мазмұнын, оған енгізілетін өзгерістер туралы баяндады.

Атап айтқанда, Текеліні жылумен қамтамасыз етіп отырған ТЭЦ-1-дің ұжымында 5 маусымда өтетін жалпыхалықтық референдумға қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Референдум халыққа қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуға мүмкіндік беретінін және әр адамның осы науқанға қатысуы маңызды екенін айтты.

- Сайлаудың маңыздылығын еңбек адамы екі бастан ұғынады. Сапарымнан байқағаным, өз бетімен қоңыр тірлік кешіп, қаладан қашық жерде орналасқан елді-мекендердің адамдары тату, көпшіл. Басты талабы – бейбіт заман мен халықтың бірлігі, – деді Ғазиз Құлахметов.

«Ақ жол» демократиялық партиясының және Қазақстан халық партиясының ақпараты бойынша


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі