Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
26.10.2022

Мәжіліс жер телімдерін электронды форматта беру туралы заң жобасын мақұлдады


Астана, 26 қазан, Мәжіліс үйі. Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры аясында мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ Қазақстан мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді ратификациялап, ерекше тауарларды бақылау мен мемлекеттік жастар саясаты мәселелері туралы заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдады.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры шеңберінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жөнінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы Әсет Тұрысов баяндама жасады.

Ол бұл жобаның Мемлекет басшысының халық пен бизнестің жер қоры мен жылжымайтын мүлік туралы ақпаратқа ашықтығын және толық қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында әзірленгенін айтты.

«Барлық ақпараттық жүйені интеграциялау есебінен өтінішті қарау барысына цифрлық бақылау қамтамасыз етіледі және мемлекеттік органдардың жер учаскесін беруде негізсіз бас тартуларының жолын кесетін болады. Жаңа тәртіп кадастрлық деректердің қолжетімділігі мен республиканың барлық аумағын ашық цифрлық картамен қамтамасыз етуге және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған», – деді Ә.Тұрысов.

Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Айқын Қоңыров депутаттар тарапынан заң жобасына бірқатар түзетулер енгізілгенін атап өтті.

«Ел аумағы интернетпен толық қамтылмағандықтан, жұмыс тобы елорданың, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың жерлері үшін ғана жер учаскелеріне құқық берудің электронды форматын енгізу туралы шешім қабылдады. Бұл іс «Электронды үкіметтің» веб-порталында жария кадастрлық карта арқылы жүзеге асырылады», – деді А.Қоңыров.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша депутаттар бастамашы болған мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша түзетулер екінші оқылымда мақұлданды. Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Жәмила Нұрманбетованың айтуынша, жоба жастардың құқықтарын қамтамасыз етіп, мүдделерін қорғайды. Айта кетейік, депутаттар «жастар» санатының жоғарғы жас шегін 35 жасқа дейін ұлғайтуды, жергілікті жерлерде жастарды қолдауды жергілікті атқарушы органдарға жүктеп, жастарды оқыту, қайта даярлау және жұмысқа орналастыру үшін жағдай жасауды ұсынып отыр.

«Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыру тұрғысында депутаттар заң жобасы аясында әлеуметтік блокқа қатысты тиісті түзетулер енгізді. Осы орайда бала күтімі бойынша төлемдерді тағайындау кезеңінің ұзақтығын 1,5 жасқа дейін ұлғайту, ең төмен базалық зейнетақы мөлшерін ең төмен күнкөріс деңгейінен – 70% дейін, ең жоғары базалық зейнетақы мөлшерін 120% дейін дәйекті түрде жеткізу, әйелдер үшін зейнеткерлікке шығу жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде бекіту, сондай-ақ жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін табыс шегін 46 еселенген айлық есептік көрсеткіштен 55 еселенген деңгейге дейін ұлғайту ескерілген», – деді депутат Ж.Нұрманбетова.

Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Несие 345,7 миллион еуроны құрайды және ол толығымен бюджет тапшылығын қаржыландыруға жұмсалады.

«Қаражат республикалық бюджетте көзделген әлеуметтік және басқа да басымды мақсаттарға арналған қаржыны қоса алғанда,  жалпы бюджет шығыстарын қолдауға мүмкіндік береді. Дүниежүзілік Банктің қарызы Қазақстан Республикасына 2,5 жылдық жеңілдік кезеңімен, 11,5 жыл өтеу мерзіміне беріледі. Сыйақы ставкасы Еурибор және өзгермелі спредтен тұрады», – деді ҚР Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Е.Жамаубаев.

Сонымен қатар Мәжіліс ерекше тауарларды бақылау және оған ілеспе заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдады. «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кредиттік тарихтың құрамына кіретін мәліметтер алмасу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын жұмысқа қабылдады.

Жиында мәжілісмендер атқарушы органдарға депутаттық сауалдар жолдады.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі. Суретті түсірген Ж.Жұмабеков

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі