Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
23.11.2022

Мәжіліс агломерациялар туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады


Астана, 23 қараша, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар агломерацияларды дамыту және оған ілеспе түзетулер туралы заң жобасын бірінші оқылымда, алқабилер қарайтын істер санаттарын кеңейту және Мемлекет басшысының кейбір тапсырмаларын орындау мәселелері бойынша түзетулерді екінші оқылымда мақұлдады. Сонымен қатар мәжілісмендер үш ратификациялық заң жобасы мен «Республикалық бюджет туралы» және «Республикалық және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттері арасындағы 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заң жобаларына Сенат енгізген түзетулерді мақұлдады.

Жалпы отырыс жаңа депутат Фуат Сайдахметұлы Сатыбаевтың ант беруімен басталды. Орталық сайлау комиссиясы оны «Ақ жол» партиясының мүшесі ретінде тіркеді.

Палата Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысы Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне «Ақ жол» партиясынан жаңадан сайланған депутат Фуат Сатыбаевты қабылдаудан басталды.

– Сізді депутаттық корпус атынан құттықтаймын, жұмысыңызға сәттілік тілейміз! – деді Мәжіліс Төрағасы.

Мәжілістің жалпы отырысында агломерацияларды дамыту мәселелері және оған ілеспе заң жобалары бірінші оқылымда қаралып, мақұлданды. Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында «Агломерацияларды дамыту туралы» заңды әзірлеуді, биыл Реформалар жөніндегі жоғары кеңес отырысында бұл заң жобасын жыл соңына дейін қабылдауды тапсырған болатын. Жоба жөнінде Ұлттық Экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндама жасады.

«Үздік халықаралық тәжірибені қолдана отырып, министрлік тиісті заң жобаларын әзірледі. Негізгі заң жобасында «агломерация» терминінің анықтамасы және агломерацияларды анықтайтын тиісті критерийлер енгізіледі. Агломерация құрамын уәкілетті орган – Ұлттық экономика министрлігі қалыптастыратын болады», – деді министр.

Заң жобасы 7 қазаннан бері Мәжілістің жұмыс топтарында талқыланып жатыр. Қосымша баяндама жасаған депутат Зәкіржан Кузиевтің айтуынша, жобада бес жылдық кезеңге Агломерацияны дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу ұсынылады.

«Агломерация халық саны 500 мың адамнан асатын орталықтан және өзара күнделікті еңбек және өндірістік байланыстары бар қала маңындағы аймақтан тұратын болады. Агломерацияларды басқарудың жаңа моделін енгізу көзделіп отыр. Бұл ретте өңірлік және республикалық деңгейлерде ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ету және агломерацияларды дамыту мәселелерін шешу үшін Агломерациялар жөніндегі кеңестер құрылады», – деді З.Кузиев.

Күн тәртібінде бірқатар заң жобасы ратификацияланды. Олар: БАӘ-мен инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы, Өзбекстан және Түркменстанмен арадағы азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдер.

«Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне алқабилердің қатысуымен сот қарайтын істердің санаттарын кеңейту бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды. Жоба бойынша Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Берік Бекжанов баяндама жасады.

«2023 жылғы 1 қаңтардан бастап алқабилер сотымен қаралатын істер санаты аса ауыр қылмыстардың 31 құрамына, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 44 құрамға кеңейтіледі. Алқабилер соты билік пен халықтың  жақындасуына, қоғамның құқықтық сауаттылығы мен сотқа деген сенімнің артуына, азаматтардың сот билігіне тікелей араласуына ықпал етеді», – деді Б.Бекжанов.

Сондай-ақ депутаттар кейбір заңнамалық актілерге Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын орындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Сенаттың қарауына жолдады.

Мәжіліс 10 жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады. Олардың қатарында Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы азаматтық және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, ЕЭК шеңберінде медициналық бұйымдар айналымының бірыңғай қағидаттары мен ережелері туралы, ЕЭК шеңберінде кедендік әкелу баждарының сомаларын есепке жатқызу және бөлу тәртібін сақтау бойынша бірлескен бақылау шараларын жүргізу туралы, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы энергетикалық ресурстарды шекарадан өткізу кезіндегі бірлескен кедендік бақылау туралы ратификациялық келісімдер және т.б. бар.

Парламентарийлер әскери-патриоттық тәрбие, жер қойнауын пайдалану саласын жетілдіру, жаңартылатын энергия көздерін, электр энергетикасы мен табиғи монополияларды пайдалануды қолдау, сұйытылған газ айналымын реттеу процестерінің реинжинирингі туралы заң жобаларына бастамашы болды.

Сонымен қатар мәжілісмендер «Республикалық бюджет туралы» және «Республикалық және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттері арасындағы 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заң жобаларына Сенат енгізген түзетулерді қарап, мақұлдады.

 Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-66-20. Фото Ж. Жұмабеков

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі