Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
15.05.2023

Мәжіліс ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады


Астана, 15 мамыр, Мәжіліс үйі. Палата спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет ету мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Сонымен қатар Мәжіліс комитеттері республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп пен жаңа заң жобаларын жұмысқа алды.

Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан өз баяндамасында Мемлекет басшысы 2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін ұлттық қауіпсіздік жүйесін түбегейлі қайта құрудың маңызын ерекше атап өткенін айтты. Осыған орай депутаттар тиісті заң жобасына бастамашы болып, оны бүгін жалпы отырыста бірінші оқылымда қарап, мақұлдады. Оның аясында 2 кодекс пен 11 заңға өзгерістер енгізіледі.

«Қорғаныс-өнеркәсіп кешені ұйымдарын стратегиялық объектілерге жатқызу және қорғаныс пен қауіпсіздік мұқтажы үшін қажетті тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге септігін тигізетін нормалар енгізу, мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындаушыны таңдау рәсімін тек конкурстық негізде және ашық жүргізу ұсынылады. Қаралып отырған заң жобасында қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің кәсіпорындары жекешеленген күннің өзінде де мемлекеттің бақылауында қалдырылатын нормалар ұсынылып отыр», – деді А.Құспан.

Заң жобасында сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдарда қызметтік тәртіп үшін жауапкершілікті тек жеке-дара бірінші басшыларға ғана емес, барша бөлімше басшысына да жүктеу ұсынылады. Бұған қоса, барлық басшыға ұлттық қауіпсіздік органдарының кадр құрамын патриоттық тәрбиелеу және құқық бұзушылықтың алдын алу міндеті тапсырылады.

Сондай-ақ депутаттар 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы ҚР Үкіметі мен Жоғарғы аудиторлық палатасы әзірлеген есепті, онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы түзетулерді және Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру туралы ратификациялық келісімді жұмысқа алды.

Сонымен қатар депутаттар жауапты мемлекеттік органдарға депутаттық сауалдарын жолдады. 

Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-04. Фото Ж. Жұмабеков, С.Майлыбаев.

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі