Нұрлан Нығматулин: ЕврАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясының әлеуеті әлі де зор.
Астана, 4 қазан. Мәжіліс үйі. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин ЕврАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясының жауапты хатшысы Петр Зверевпен кездесті.
Кездесу кезінде тараптар ЕврАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясы аясында одан әрі ықпалдастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Сонымен бірге, екі жақ ЕврАзЭҚ қатысушы-мемлекеттер парламенттерінің рөлінің артып келе жатқанына баса назар аудара келіп, еуразия кеңістігіндегі интеграциялық үрдістерге ерекше тоқталды.
Қазақстан Парламенті Мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулин Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ауқымды бастамалары ТМД кеңістігіндегі еуразиялық үрдістерге тың серпін беріп отырғанын жеткізді.
Ал, еуразиялық кеңістікте парламенттік әріптестіктің дамуы туралы айта келіп, ЕврАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясының әлеуеті әлі де зор екендігін алға тартты. Ассамблея аясында жұмысты жандандырып, оны бүгінгі талап деңгейіне көтеру туралы ұсыныс айтылды.
Тараптар сондай-ақ, ТМД Парламенттерінің алдында интеграциялық келісімдермен анықталған салаларда ұлттық заңдылықтарды үйлестіру бойынша орасан жұмыстар тұр деген ортақ пікірге тоғысты.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі