Отанымыздың ер жүрек қорғаушыларын мәңгі есте сақтау парызымыз
Астана, Мәжіліс үйі. 14 қараша. Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің басшылығымен өткен жалпы отырыста депутат Бақытжан Ертаев Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Серік Ахметовке депутаттық сауал жолдады.
Менің атыма жолдаған «Халықаралық полиция қоғамдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымының президенті атынан қызметтік және әскери борышын атқару кезінде қаза тапқан құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне арнап жыл сайын Еске алу күнін өткізу туралы М. Нұрғалиевтің бастамашылық көтерген өтініші бізге депутаттық сауал жолдауымызға себепші болды.
Қылмыспен күресте Отанымыздың маңдайалды ұлдары қаза табуда, олардың балалары жетім, ал әйелдері жесір қалуда. Егеменді Қазақстан тәуелсіздік алған жылдар ішінде қоғамдық қауіпсіздік пен құқық тәртібін қорғау жөніндегі қызметін жүзеге асыру процесінде қызметтік және әскери борышын атқару кезінде республиканың 710-нан астам ішкі істер қызметкері қаза тапты.
Өкінішке орай, барлық жерде және әрдайым құқық тәртібінің сарбаздары жасаған ерліктің мәні жете ұғынылмайды әрі бейбіт адамдардың өмірін құтқару, заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қаза тапқандар тиісінше еске алынбайды.
Бүгінгі күннің шындығында, экстремизм мен терроризм таралған жағдайларда елде тұрақтылықты сақтау және азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қашанда оңайлықпен келмейді.
Баршамызға мәлім былтыр Тараз қаласында діни экстремистің террорлық іс-әрекеттерінің жолын кесу мақсатында қызметтік борышын атқару кезінде полицияның және ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері қаза тапты, олардың барлығы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекеттік наградалармен наградталды, ал капитан Ғ. Байтасовқа «Халық қаһарманы» жоғары атағы берілді.
Биылғы жылы Ғазиз Байтасов атындағы халықаралық автошеру аясында Отан қорғаушылар ескерткіштеріне салтанатты түрде гүлдер мен гүл шоқтары қойылды, соғысқа қатысушылармен және ішкі істер органдарының ардагерлерімен кездесулер өткізілді, сондай-ақ Қазақстан полициясының күнделікті тыныс-тіршілігі туралы деректі фильм түсірілді.
Еске алу күндері көптеген елдерде, оның ішінде Аустралияда, АҚШ-та, Канадада, Израильде, Ресейде және Украинада белгіленген, онда ұзақ жылдар ішінде қаза тапқан құқық тәртібін қорғаушыларға арналған еске алу іс-шаралары мемлекеттік деңгейде өткізіледі, ол елеулі дәрежеде қоғамды топтастыруға ықпал етеді.
Осы жазылғандарды ескере отырып, құрметті Серік Нығметұлы, Сізден Халықаралық полиция қоғамдастығы қазақстандық секциясының қызметтік және әскери борышын атқару кезінде қаза тапқан мемлекеттік органдарының құқық қорғау жүйесінің және арнайы қызметтердің қызметкерлері үшін - Еске алу күнін белгілеу туралы бастамамызды қарауыңызды сұраймын.
Отанымыздың ер жүрек қорғаушыларын осылай мәңгі есте сақтау құқық қорғау жүйесі органдарының қоғамдағы имиджін арттыруда зор маңызға ие болады, сондай-ақ жас қызметкерлерді патриоттық тәрбиелеу ісінде аға ұрпақтың эстафетасын жас буынға табыс етуде оң рөл атқаратыны сөзсіз.
(Сәуле Досжанова, т.74-63-01. Суретті түсірген Сайлау Майлыбаев. SauleD@parlam.kz` Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі таратты.)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі