Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
24.05.2013

МӘЖІЛІСТЕ – бюджетке қатысты заң жобасының таныстырылымы болды


МӘЖІЛІСТЕ – бюджетке қатысты заң жобасының таныстырылымы болды

 

Астана, 24 мамыр, Мәжіліс Үйі.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің ұйымдастыруымен «2013 – 2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы болды.

Басқосуға аталған комитет төрайымы Гүлжан Қарақұсова жетекшілік жасады.

Заң жобасы шығыстарды қысқартуды және бюджет тапшылығын көбейтуді, Мемлекет басшысының бірқатар тапсырмаларын орындауды көздейді. Шығыстарды қысқарту кідіріссіз қаржыландыруды талап ететін мемлекеттік міндеттемелерді орындауды қозғамайды.

Аталған заң жобасымен депутаттарды Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев таныстырды.

Министрдің баяндауынша: әлемдік экономиканың баяу өсуі жағдайында өсу қарқыны жоспарланған параметрлерден біршама төмен қалыптасты. Нақтылау салдарынан болжанатын база номиналды мәнде 1 224,2 млрд. теңгеге (31 442,7 млрд. теңгеден 30 218,5 млрд. теңге дейін) және нақты мәнде 0,4 пайызға төмендеді. Негізгі себебі сыртқы сұраныстың қысқаруы, сондай-ақ өсімдік шаруашылығының жалпы өнімін өндірудің 27,7%-ға құлдырауы және мұнай өндіру бойынша жоспарланған 81 млн. тоннадан 79,2 млн. тоннаға дейін төмендеуі болды.

 Қазақстанның экономика салаларын дамытудың ағымдағы жылғы 1-тоқсандағы деректерін, сондай-ақ өнімнің негізгі түрлерін (мұнай, газ, металдар, мұнай өнімдері, ауылшаруашылығы өнімдері және т.б.) өндірудің күтілетін көлемдері бойынша мемлекеттік органдардың нақтыланған деректерін ескере отырып түзетілді.

Бұл ретте өсудің негізгі факторларының бірі елдегі инвестициялық белсенділіктің жандануы болып табылады. Ағымдағы жылғы қаңтар-сәуірінде негізгі капиталға инвестициялар көлемі 7,9%-ға өсті, ол өткен жылдың ұқсас кезеңмен салыстырғанда 3,8 пайыздық тармаққа жоғары.

Нақтылау кезінде, халықаралық ұйымдар (Дүниежүзілік Банк, ХВҚ, БҰҰ) күтіп отырған әлемдік экономика мен дамуының шикізат тауарларына бағаларының даму үрдістері ескерілді.

Мұнай бағасы және төмендеу тәуекелдері бойынша сарапшылардың болжамын ескере отырып, 2013 жылға арналған болжамды нақтылау кезінде орташа жылдық баға бір барреліне 100 АҚШ долл.  болып айқындалды.

Тауарлардың экспортының болжам бойынша 99,8 млрд. АҚШ долларын құрайды, ол мұнайдың болжанатын бағаны ұлғаю жағына қайта қараумен мақұлданған болжаммен салыстырғанда 3,7 млрд. долларға жоғары.

Тауарлардың импорты 51,2 млрд. АҚШ долларын құрайды, бұған дейін мақұлданған болжамнан 5,1 млрд. долларға төмен.

Экономика салаларының тұрақты өсуі және айтарлықтай жоғары дәрежедегі тұтыну белсенділігі қызметтер саласындағы өсудің жоғары қарқынын қамтамасыз етеді деп күтілуде.

Инфляция бойынша параметрлер жылдың соңында бұған дейін болжанған дәлізде 6-8 %-да сақталады.

Макроэкономикалық көрсеткіштердің нақтыланған болжамы негізінде 2013 жылға арналған республикалық бюджеттің параме- трлері нақтыланды.

2013 жылға арналған республикалық бюджет кірістерінің нақтыланған болжамы  (трансферттер түсімдерін есепке алмағанда) 2013  жылдың  бекітілген  жоспарына қарағанда 226 021 168 мың теңгеге азая отырып, 3 588 297 833  мың теңге  сомасында айқындалды, оның ішінде салықтық түсімдер 231 179 630 мың теңгеге азайды, салыққа жатпайтын түсімдер 16 908 462 мың теңгеге ұлғайған және негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер 11 750 000 мың теңгеге азайды.

 

Баяндамаға қатысты  депутаттар сұрақтар қойып, кейбір мәселелерді нақтылады.

Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі болып – депутат Қожахан Жабағиев бекітілді.

 

(Сәуле Досжанова, т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі