Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер

Өмірбаяны

Жеке парағы
БЕЙСЕНБАЕВ Елнұр Сабыржанұлы
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі
1986 жылы 27 маусымда сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында дүниеге келдім. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегімін. Саясаттанушы, әлеуметтік ғылымдар магистрі.

1993 жылы Кентау қаласында Бауыржан Момышұлы атындағы №12 жалпы орта мектебінің бірінші сыныбына бардым. 1995 жылы отбасымызбен Алматыға қоныс аударып, әрі қарай сол жақтағы №93 орта мектепті аяқтадым.

2004 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетіне оқуға түстім.

Еңбек жолымды «Жастар үні» Жастар қоғамдық ұйымында маман ретінде бастап, кейіннен 2009 жылы төраға болып тағайындалдым.

2012-2015 жылдары тарих пәнінің мұғалімі, Қазақстан коммунистік халық партиясының Алматы қалалық филиалында идеология және насихат жөніндегі хатшы қызметтерін қоса атқардым.

2016 жылдан 2017 жылға дейін Алматы қаласы әкімдігінің жастар жобалары және ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің басшысы, жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы лауазымдарында еңбек еттім.

2017 жылы 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы өткізу барысында 3 000 волонтер жұмысын ұйымдастырып, оларға басшылық еттім. Бұл бүгінгі күнге дейін рекордтық әлемнің 57 елінен спортшылар қатысқан спорттық дода.

2017 жылдан 2018 жылға дейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде 5000-нан астам студент білім алып тұрған тұста, тәрбие жұмысы департаментінің директоры болып жұмыс атқардым.

2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі болдым. Бұл қызметте қаланың әлеуметтік саласын жетілдіру бойынша, сондай-ақ көп балалы отбасылармен жұмыс жүргізілді.

2020 жылы «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы болып сайландым. Менің бұл лауазымға тағайындалуым коронавирустық инфекцияның таралуына сәйкес және Мемлекет басшысының төтенше жағдай жариялау уақытымен тұспа-тұс келуіне байланысты, «Біз біргеміз!» акциясы аясында ел бойынша 5 000 жасотандық волонтердың жұмысын үйлестірдім. Сонымен қатар, Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмектер жеткізу ісіне қатыстым.

2021 жылғы қаңтардан 2023 жылғы қаңтарға дейін - Жетінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.

2023 жылғы қаңтардан - "AMANAT" партиясының атқарушы хатшысы.

2023 жылдың наурызынан бастап қазіргі уақытқа дейін - Сегізінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.

Еңбек қызметімде қол жеткізген нәтижелерім үшін "Құрмет" орденімен (2021 ж.), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» (2016 ж.), «Халық алғысы» (2020 ж.), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» (2021 ж.) медальдарымен, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың (2016 ж., 2020 ж.), Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаевтың (2019 ж., 2020 ж.) алғыс хаттарымен марапатталдым.

Төрт бала тәрбиелеп отырмыз.

Жеке парағы