Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер

Өмірбаяны

Жеке парағы
ӘЛТАЙ Аманжол Дүйсенбайұлы
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі
1971 жылы 31 тамызда Қарағанды облысы Жаңарқа ауданы Ақтүбек ауылында дүниеге келген.

1993 жылы Е.А.Букетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірді.

1993-2000 жылдар аралығында - Қарағанды Мемлекеттік университетінің аға оқытушысы;

2000-2022 жылдар аралығында - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, 2013 жылдың қыркүйек айынан бастап Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры;

2022 жылғы наурыздан бастап VІI сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі.

Оқу процесіне арналған «Шашақты найза» (2004), «Қазақ балалар поэзиясы: генеалогиясы, типологиясы, поэтикалық дамуы» (2009, 2013) монографиялары, «Ақжолтай Ағыбай батыр – фольклор мен әдебиеттегі қаһармандық тұлға» (2004) оқу құралы, «Ақын-жыраулар поэзиясы» (2013) оқулығы жарық көрген. «Ақжол» (1997), «Аманжол-Сара» (2013), «Алдаспан» (2014), «Наркескен» (2014) атты айтыс және жыр кітаптарының авторы. «Айтыстану», «Ерлік дастан», «Айбозым», «Тілтолғау», «Сәкен», «Абай» кітаптарының құрастырушы-редакторы, көптеген халықаралық, республикалық ғылыми-теориялық конференцияларға қатысып, баяндамалар жасаған, шетелдік және отандық басылымдарда жарық көрген 100-ден астам ғылыми мақаланың авторы.

Филология ғылымы бағытындағы әдебиеттану мен фольклортану саласы бойынша «Қазіргі айтыстың интеграциялық сипаты» (2012-2014 жылдарға арналған ҚР БҒМ 17 тамыз 2012 жыл №10 бұйрығы) тақырыбындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер жобасының жетекшісі болды. Жоба аясында тақырыпқа қатысты ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, отандық және шетелдік ғылыми басылымдарда мақалалар жариялады, жоба тақырыбына қатысты жарық көрген ғылыми жинақтың құрастырушысы, редакторы.

Ақын Әлтай Аманжол Халқымыздың айтыс өнерінің қайтадан дамып, жаңадан тың серпіліс алуына зор үлес қосып келеді. Ол 1988 жылдан бері үнемі айтыс сахнасының төрінде өнер көрсетуде. Осы жылдар аралығында бірнеше Республикалық, Халықаралық ақындар айтыстарының жеңімпазы атанды. Иса Байзақовтың 90 жылдығына, А.Құнанбаевтың 150 жылдығына, Ж.Жабаевтың 150 жылдығына, С.Сейфуллиннің 100 жылдығына, Тәуелсіздік мерекесіне, Қазыбек Келдібекұлының 350 жылдығына арналған т.б. көптеген Республикалық, Халықаралық айтыстардың жеңімпазы, жүлдегері. Айтыс өнерін тек республика жұртшылығына ғана емес, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей елдеріндегі бауырластарымыздың арасында да насихаттап, өз өнерін көрсетіп келеді.

Әлтай Аманжол Дүйсенбайұлының ақындық шеберлігі, айтыс өнеріндегі орны, ерекшелігі әр жылдарда республикалық басылымдарда жарық көрген белгілі сыншы-ғалымдардың, жазушылардың, журналистердің еңбектерінде жоғары бағаланған. Оның ақындық шығармашылығы жоғарғы оқу орындарының филология факультетінің студенттеріне курстық, дипломдық жұмыс тақырыбы ретінде ұсынылуда. Қазіргі айтыс өнеріндегі Арқа өңірі ақындарының айтысу дәстүрін жаңа биікке көтерген, өзінің жеке мектебін қалыптастырған өнер иесі. Авторлық әндері республикамыздың белгілі әншілерінің репертуарында орындалып жүр.

Филология ғылымдарының докторы (2010), профессор, Қазақстан Республикасы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты (1998), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2005), ЖОО-ның үздік оқытушысы (2012), Қарағанды қаласының құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі (2014), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалінің (2001), «Бейбітшілік Әлемі» Халықаралық Қазақ творчестволық бірлестігінің «Ыбырай Алтынсарин» медалінің (2015), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалінің (2016), «ТURKSOY» Халықаралық ұйымы медалінің (2016) иегері, Гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздік ғылыми зерттеуі үшін Ш.Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың (2018), «Құрмет» орденінің (2019) иегері.

Жеке парағы