Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильяновтың жетекшілігімен мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасының таныстырылымы өтті. Заң жобасы Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленген. Комитет төрағасы заң жобасының мақсаты сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыру, сатып алу рәсімдерін оңайлату, реттеу және одан әрі автоматтандыру, мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың сатып алу жүйесінің бірыңғай платформасын құру екенін айтты. Бұдан бөлек сатып алу сапасын арттыру үшін қоғамдық бақылау енгізу көзделген. Заң жобасы бойынша Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл баяндама жасады. Ол бес негізгі шара ұсынылып отырғанын атап өтті. Соның бірі – сатып алу рәсімдерін оңайлату және бюрократиясыздандыру. Сатып алу рәсімдерінің ұзаққа созылып кетуін болдырмау мақсатымен қорытындыларды қайта қарау жөніндегі функция сатып алуды ұйымдастырушыға беріледі. Ұйымдастырушы базасында шағымдарды қарау жөніндегі комиссиялар құрылатын болады. – Мемлекеттік сатып алу саласындағы проблемалардың бірі – рәсімдердің ұзаққа созылуы. Бүгінгі таңда конкурсты өткізу мерзімі шамамен екі айды құрайды. Бұл барлық рәсімдік кезеңді алдын-ала талқылауды, алдын-ала рұқсатты, шағымдану мерзімін және тағы басқа мерзімдерді сақтау қажеттілігіне байланысты. Осыған орай жекелеген кезеңдерді қысқартуды ескере отырып, конкурсты өткізу мерзімі 1 айға дейін қысқартылмақ, – Д.Кеңбейіл. Сонымен бірге бір көзден сатып алуды жетілдіру бойынша жұмыстар жалғасады. 100 айлық есептік көрсеткішке дейінгі тауарларды, 500 айлық есептік көрсеткішке дейінгі жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді бір көзден сатып алуды жүзеге асыру ұсынылады. Баяндаманы тыңдап болған соң депутаттар сұрақтар қойып, өз ұсыныстарын ортаға салды. Депутат Мақсат Толықбай шартты толық орындамаған мердігерлердің мәселесіне тоқталды. – Жазда жұмыс сапарымен Алматы облысын араладым. Сонда 3 жылдан бері аяқталмай тұрған мектептерді көрдім. Жергілікті әкімдік ешқандай шара қолдана аламайтынын, сотқа шағымданғанымен жалпылама шешім шығаратынын айтты. Аяқтау мерзімі де көрсетілмейді екен. Бұл мәселені қалай шешеміз? Осы орайда жергілікті әкімдердің құзыретін кұшейту мәселесін қарауға бола ма? – деді М.Толықбай. – Егер белгілі бір компания жосықсыз деп танылса, конкурссыз екінші орында тұрған компания тапсырыс берушімен шарт жасасуға мүмкіндігі болады. Ол да жұмысқа өз септігін тигізеді деп ойлаймыз. Басқа да ұсыныстар болып жатса, талқылауға дайынбыз, жұмыс топтарында қарастырайық, – деп жауап берді вице-министр. Жиында айтылған ұсыныстар алда жұмыс тобында қаралатын болады. Оған Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Руслан Қожасбаев жетекшілік етеді.