Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
бірінші орынбасары
Р.В. Склярға
Қазақстан Республикасның
Бас Прокуроры
2024 жылғы 17 қаңтарда жарияланды Б.Н. Асыловқа
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Роман Васильевич!
Құрметті Берік Ноғайұлы!
Жыл басында Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы «Майқайың Алтын» акционерлік қоғамы аумағында орын алған апат қабырғамызды қайыстырды.
Кәсіпорында қызмет атқаратын төрт бірдей азамат автобус ішінде кенеттен опырылған жер астына құлады. Оның екеуі мерт болса, қалған екі азаматтың тағдыры әлі де беймәлім. Он күннен астам уақыт іздеу-құтқару жұмыстары жалғасуда. Әлі автобуста, қалған екі азаматымыз да табылмады.
Қақаған қыстың ызғарына қарамастан тәулік бойы жүріп жатқан құтқару жұмыстарына облыс әкімдігінің жауапты қызметкерлері мен басшылығы қатысып отыр. Қажетті көмек әрбір отбасына көрсетіліп жатыр.
Ең өкініштісі, құлаған жердің астына бұрындары шахта болғанын ешкім ескертпеген. Тіпті үстінен жол салған және сол жолды қызметкерлер осы күнге дейін пайдаланып келген.
Ал, техникалық қауіпсіздік шараларына сай, ол жерді қоршауға алып, қауіпті зона ретінде оқшаулап тастау керек еді. Бұл мәселенің басы ғана. Бұл бір.
Келесі, кентте тұратын «Шанхай» атанып кеткен шағын ауданының тұрғындары да алаңдап отыр. Оған себеп шағын ауданның асты да шахтаға айналып кеткен дейді. Кен қазу барысындағы жарылыстардан үй іргесі солқылдап кететінін айтып отыр. 100-ге жуық шаңырақ орналасқан аумақ, қазіргі опырылып құлаған жерден небәрі 500 метр қашықтықта орналасқан.
Бүгінде 10 мыңға жуық халық тұратын елдімекеннің негізгі тіршілік көзі де осы кен орындарында. Тек «Майқайың Алтында» мыңнан астам жергілікті тұрғындар еңбек атқарады.
«Майқайың Алтын» ресми сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, кәсіпорын құрылған уақыттан бері мұнда 16,7 млн тонна кен өндірілген. Бұл дегеніміз – 80 тонна алтын, 1240 тонна күміс, 204 мың тонна мыс, 300 мың тонна мырыш. 13 млн тоннадан астам кен кәсіпорынға қарасты кен байыту фабрикасында қайта өңделген.
Сөйте тұра, «Майқайың Алтын» өз қаржысына кентте ешқашан тұрғын үй салмаған, балалар алаңы, спорттық немесе әлеуметтік нысандар тұрғызбаған.
Тек жылына жергілікті бюджетке барды-жоқты алым-салық төлеп келген.
Ал, енді осы акционерлік қоғамның 100 пайыз акциясы Кипр Республикасында орналасқан Рэнс Энтерпрайс LTD («Rence Enterprises LTD») компаниясына тиесілі. Ол компания Милан Попович деген бизнесменге тиесілі.
Еліміздің байлығына кенелген бұл бай-патшалардың ісін кім қадалауға алады.
Осыған байланысты,
Бірінші. Арнайы құрылған комиссияның жұмысын ашық әрі жұртшылықпен, жергілікті тұрғындармен бірлесе отырып үйлестіру керек.
Екінші. Осы маңдағы барлық шахталық жұмыс жүргізілген аумақтарды анықтап, оларды қауіпсіздік ережелеріне сай оқшаулау керек.
Үшінші. Шахтаның маңында орналасқан шағын ауданның тұрғындарына барлық қауіпсіздік жағдайын қарастыру шарт. Қажет болса көшіруді қарастыру керек.
Төртінші. Елімізідің байлығын пайдаланып, бірақ әлеуметтік көмекті дер кезінде көрсетпей отырған барлық шетелдік компанияларға Заң жүзінде қатаң шаралар қолданылуы қажет.
Бесінші. Осы орын алған апатқа және техникалық қауіпсіздіктің сақталмауына түрткі болған жағдайға прокуратура әділетті бағасын беруі қажет.
Құрметпен,
«AMANAT» фракциясының
депутаттары Жарқынбек Амантайұлы
Нұржан Әшімбетов
Ерлан Әбдиев
Вера Ким
Дүйсенбай Тұрғанов
Үнзила Шапақ
«Ауыл» партиясының
фракция депутаты Николай Арсютин
«Ақ жол» Қазақстан Демократиялық
партиясы фракциясының Ержан Бейсенбаев
«Respublica» партиясы
фракциясының депутаты Нұргүл Тау