Бапи
Ермұрат
Сейтқазыұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің

Депутатқа хат
«Халық банкінің» 2022 жылға дивиденттер төлеуіне қатысты

Қазақстан Республикасы

Ұлттық Банкінің төрағасы

Ғ. О. Пірматовқа

Мәлімет үшін:

Қазақстан Республикасының

Қаржы нарығын реттеу және

дамыту агенттігінің төрайымы

М. Е. Әбілқасымоваға

2023 жылы 15 мамырда жарияланды

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ


Менің депутаттық сауалым «Халық банкінің» 2022 жылға дивиденттер төлеуіне қатысты болмақ.

Елдің барлық азаматтарына белгілі болғандай, 2017 – 2021 жылдары экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей нұсқауы мен қолдауы бойынша, Қазақстан Үкіметі республика банкі секторына орасан зор қаржылық көмек көрсетті. Ол көмектің аты «сауықтыру» деп аталды.

Естеріңізге салайын: триллион теңгемен өлшенетін бұл «сауықтыру» көмегі болашақ ұрпаққа деп белгіленген Ұлттық қордың есебінен берілді. Яғни, біз банктерді «сауықтыруға» халықтың ортақ қазыналық қаржысын жұмсадық. Халық есебінен майшелпекке батқан банкілер: «Жусан банкпен» біріккен АТФ-Банк пен «Цесна банк», «Халық банк», «Евразиялық банк», Банк «Центркредит», «Нурбанк» және «РБК банкі» (РБК бізге түсінікті – оның 100% акциясы «Бәйтерек» арқылы үкіметтің иелігінде).

Дегенмен, 2017 жылдан бері тағы да мүдделі кланның команда беруімен банкілердің бірін екіншісіне қосуға арналған көптеген трансакциялар жасалып, нәтижесінде бір отбасы бірнеше банкті толығымен «жұтып қойды». Бұның ақыры экс-президенттің қоры мен «Жусан банкке» байланысты әлемдік шырғалаңмен аяқталды. Дәлірек айтқанда, бұл скандал әлі біткен жоқ, ел азаматтары мен Мәжіліс депутаттары болашақта бұл афераның анық-қанығын анықтауы тиіс.

Депутат мырзалардың есіне салайын: егер Журналистердің Халықаралық Зерттеу Концорциумы (ICIJ) болмағанда, біз қазақ банкісін шетелдіктер иеленіп кеткенін білмес те едік. Шетелдік қожайынның ешқайсысы ақша шығарып, «Жусан банкті» сатып алған жоқ. Тіпті, «Жусан» «жұтып қойған» қазақстандық банктерді «сауықтыруға» бұл қожайындар көк тиын шығармады.

Енді міне, менің сайлаушыларым Ұлттық қордың есебінен тойынған банкілер өз акционерлеріне неге дивиденттер төлейді деген сұрақ қоюда. Естеріңізде болса, өткен шақырылымдағы Мәжіліс депутаты Нұров мырзаның белсенділігі мен табандылығының арқасында, 2021 жылы «Жусан банк» дивидент төлеуді тоқтатуға мәжбүр болған еді.

Бұл жағдайды тәптіштеп айтып отырған себебім – Ұлттық қордан миллиардтаған доллар көмек алған банктер халықтың қарызын қайтармай тұрып, неге дивиденд төлейді? Мәселен, алдағы маусым айында «Халық банкі» өз акционерлеріне  дивиденд ретінде жарты миллиард долларға жуық ақша төлемек.

Сізге түсінікті болу үшін, осы орайда реми тараған ақпаратты орыс тілінде айтып берейін:

«Народный Банк Казахстана» может направить на выплату дивидендов за 2022 год до 50% чистой прибыли за этот период, следует из материалов к годовому общему собранию акционеров, которое пройдет 25 мая 2023 года. Размер выплат составит 25,38 тенге за одну бумагу (около 277 млрд тенге из чистой прибыли 554 млрд тенге), - в два раза больше, чем дивиденды за 2021 год (138,64 млрд тенге).

 Жалпақ жұртқа мәлім деректі еске сала кетейін: «Халық банкінің» 56,39% акциясы «Алмэкс» компаниялар тобы арқылы Динара және Тимур Құлыбаевтардың иелігінде. 23,13 %-дың иесі – The Bank of New York.

Құрметті Ұлттық Банк төрағасы! Енді сізге нақты сұрақ:

Ұлттық қордың алдындағы қарызын қайтармаған «Халық банкінің» бұл 554 миллиард теңге «таза пайдасы» қайдан және қалай пайда болды?

«Халық банк» және халықтың есебінен көмек алған басқа банктер Ұлттық қордың алдындағы қарызын халыққа қайтармай тұрып, дивиденд төлеу практикасын сіз қалай түсіндіресіз?

Өткен алты жылда және қай жылдары қай банк, оның ішінде «Халық банкі» бар, Ұлттық қордың қанша қарызын қайтарды?

Осыға байланысты мен Мәжіліс депутаттарын «Халық банкі» мен ҚР Ұлттық Банкінің есебін тыңдауға шақырамын. Бұл фининституттар Мәжілістің алдында есеп бергенге дейін дивиденттер төлеуді тоқтататын құжат қабылдауды ұсынамын.

Қазақстан Республикасы

Парламенті Мәжілісінің депутаттары                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                Е. Бапи

Ә. Жұбанов

Қ. Иса

Г. Танашева

Н. Тау