Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайыловқа
Қазақстан Республикасының
Бас прокуроры
Б. Асыловқа
2023 жылы 20 қыркүйекте жарияланды
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
«Әділетті Қазақстан» құру жөніндегі президент Қ.Тоқаевтың бастамасы күн өткен сайын сиырқұймышақтанып барады. Бір адамның отыз жылғы жеке дара билігінен әбден ығыр болған халықтың жаңа Қазақстанға деген үлбіреген үміті үзілер халде. Бұған, ең алдымен, президенттік идея негізінде әділеттілік принциптерін қалыптастыруға тиісті мемлекеттік органдар кінәлі екеніне деп санаймын!
Берік Ноғайұлы мырза!
Мен жазғы демалысқа кетер алдында Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты «Каменский» мал тұқымын асылдандыру зауытының жерін жекешелендіру мәселесінде орын алған қылмысты заңсыздықтар туралы сіздің атыңызға депутаттық сауал жолдаған едім. Сол депутаттық сауалға сізден қайырылған жауапқа ой жүгірте отырып, және Каменский шаруашылығының жекешелендіруден қағылған еңбекшілерімен өткен отызға жуық кездесуден кейін, қылмысты заңсыздықтарды бүркемелеу мақсатында мемлекеттік органдар жалтарма жауапты қалай жазатынына көз жеткіздім.
Әлде сол жауапты сізге дайындап берген прокурорлық комиссия сізді – Бас прокурор басыңызбен көпе-көрнеу алдаған, әлде Қарасай ауданының прокуроры «ескі» Қазақстанның мүддесін қорғап, Жекешелендіру туралы заңды сізге нақақ бұрмалап көрсеткен. Мәселен, сіз өз жауабыңызда «Каменский» зауытының жері жекешелендіруге жатпайды, ол жер мемлекеттің арендалық жері деп жазған екенсіз.
Асылов мырза!
90-жылдары Қазақстанда жекешелендірілген барлық совхоздар мен колхоздар тегістей мемлекеттің жерінде отырғанын, олар сол мемлекеттік жерде шаруашылық құрғанын сіз білмейтін бе едіңіз? Жоқ әлде алдамшы прокурорлардың жазып беруімен сіз депутат Бапиды алдап соғуға болады дедіңіз бе?
Есіңізге салайын, Қазақстандағы кеңшарлар мен ұжымшарлардың өз жері немесе Марс планетасынан жалдап алған жері болмаған. Кеңестік кезден қалған мұра бойынша, барлық жер мемлекеттің жері болған! 1991 жылы 22-маусымда қабылданған (№ 695-XII) «Қазақстан Республикасының мемлекет иелігінен шығару және жекешелендіру туралы» заңы бойынша, елдегі барлық ауыл шаруашылық мекемелері мемлекеттің жері мен мүлкін жекешелендірді. Колхоз-совхоздардың еңбекшілеріне сол мемлекеттің жері пайға бөлініп берілді.
Енді келіп, сіз маған «Каменский» совхозы мемлекеттің жерінде отырған, сондықтан ол совхоздың жері жекешелендіруге жатпайды деген «құлаққа сыймайтын» уәж айтасыз! Егер сіздің сол уәжіңізге ден қоятын болсақ, тағы да есіңізге салайын, Қазақстандағы жекешелендіруден үлес – пай ала алмаған жалғыз ғана совхоз бар. Ол – «Каменский» мал тұқымын асылдандыру шаруашылығының 2 мыңға жуық еңбекшісі.
Осы заңсыздық қалай орын алды? Берік мырза, егер білмесеңіз, мен сізге осы қылмыстың тарихын айтып берейін. 90-жылдарғы жаппай жекешелендіруге қарсы тұрып, өндірісін сақтап келген «Каменский» совхозы ақыр аяғы 2002 жылы еңбек ұжымының жиналысында шаруашылықты жекешелендіру туралы шешім шығарған. Бірақ барлық аудандық, облыстық мүдделі мекемелер қолдаған бұл шешімді сол кездегі ҚР ауылшаруашылық министрі Ахметжан Есімов өз бұйрығымен бұзған. Оның бұйрық уәжі – «Каменскийдің» жері мемлекеттің жері, сондықтан ол совхоз жекешелендіруге жатпайды деп, бүкіл Қазақстанға ортақ жекешелендіру заңын белден бірақ сызған.
Меніңше, себеп – екеуі. Біріншіден, Алматы мен Райымбек кенті арасындағы, қаланың іргесіндегі қымбат жерді совхоздың «жалаңаяқ» пайшыларына бермеу. Екіншіден, құйқасы қымбат жерді назарбаевтар әулетінің есебіне алып қалу. Әрине, Ахметжан Есімовке сол жерді совхоз еңбекшілерінен заңсыз тартып алуға Құдайы – Назарбаев ишара білдірмегенде, мұндай қылмысты әрекет жүзеге аспайтын еді.
Кейіннен Есімов мырза сол жерді өз мүдделеріне жекешелендіру үшін, Қарасай ауданаралық экономикалық сотының көмегімен «Каменсий» совхозын банкрот қылып, оны экс-премьер Сергей Терещенко басқарған «СоюзТехСервиз» серіктестігінің (ЖШС) иеленуіне мүмкіндік жасаған. Тағы да есіңізге салайын, Берік мырза, бірақ сол экономикалық сотқа совхоздың бір де бір пайшысы шақырылмаған. Яғни, назарбаевшылар пайшылардың тиісті жер үлестерін соттың көмегімен астыртын жолмен тартып алған.
Егер "Каменский" мал асылдандыру шаруашылығының жері шынында да мемлекеттің жері болғанда, бұл 600 гектардан астам жерді "СоюзТехСервиз" ЖШС-сі қалай иемденді және оны қалай сауда-саттыққа салды? Егер бұл жердің иелік статусы өзгерген болса, ондай мүмкіндік "Каменский" совхозына неге берілмеді?
Бұл афераның барлық құжаттары совхоз еңбекшілері жалдаған заңгерлерде және менде сақтаулы тұр. Қажет санасаңыз, мен сол құжаттардың көшірмесін сізге жеткізіп берейін. Кейіннен бұл қылмыстық заңсыздықтың ізін жасыру және құжаттардың түпнұсқасын құрту үшін, мүдделі қылмыстық топ Қарасай ауданының архивін бір емес, екі рет өртеп жіберген.
Арада бірер жыл өткенде Есімов мырзаның сыбайласы Терещенко совхоздың 600 гектардан астам жерінің 300 гектарға жуығын құрылыс салушы компанияларға сатып жіберген (қазір бұл жерлерге ЖК «Премьера», «Елисейская поля», «Шұғыла» ықшамаудандары салынған). Қалған 274 гектар жерді «СоюзТехСервиз» (Терещенко мен Есімов деп есептеңіз) кепілдікке қойып, миллард доллаға жуық қаржыны банкіден қидай сыпырып алған. Ал кейіннен банкі өз ақшасын қайтару үшін, Проблемалық активтер қоры арқылы 274 гектар жерді аукцион арқылы сатып жіберген. Бірақ ол аукционға пайшылар тағы да қатыстырылмаған. Себебі Назарбаевтың немере інілері Нұрбол Болатұлы Назарбаев пен Қайрат Сатыпалдыұлы Назарбаев және қаңтардағы қылмысы үшін сотталған генерал Серік Көдебаев бұл аукцион арқылы «Каменский» пайшылары жерінің қалған қызығын көрген.
Берік Ноғайұлы мырза!
Егер менің алғашқы депутаттық сауалыма байланысты «тексеру» (тырнақшада) жүргізген сіздің «спецпрокурорлар» пайшыларға және олардың заңгерлеріне кездесіп, олардың қолында сақталған құжаттарға назар аударған жағдайда, сіз маған мұндай жалтарма жауап жазбайтын едіңіз. Ондай жағдайда пайшылардың мүддесін қорғаған адвокат Ләззат Жапашева мен «Каменский» совхозы еңбекшілері кооперативінің төрағасы Әмина Жеңісбекова заңсыз және нақақ жаламен абақтыға қамалмас еді.
Ал осы жер дауын билік пен Бас прокуратураның көмегімен заңды негізде шешейік деп, «Каменский» пайшыларын бес айдан бері наразылық акцияларына шығудан тоқтатып келген едім. Енді мен оларды алдарқатқандай бола алмаймын. Егер ертең жүздеген каменскілік пайшы және адвокат Ләззат Жапашеваны қорғаушы желтоқсаншылар Ақорда мен Бас прокуратураның алдына келіп, наразылық акциясын жасайтын болса, бұлар қайдан келді демеңіз, Ноғаев мырза! Президент әкімшілігінің басшылығы да, Бас прокурор ретінде сіз де пайшылардың проблемасынан әлдеқашан хабардар болғансыз.
Ал енді, Берік мырза, «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегендей, мен сол баяғы заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару мәселесіне қайтып келемін. Осы «Каменский» совхозының пайшыларынан тартып алынған жер сол «Заңсыз шығарылған активтерді қайтару» туралы заң аясына саяды. Біз – депутаттар бұл заңды бір айға жетер-жетпес уақытта шұғыл түрде қабылдаған едік. Содан бері үш ай уақыт өтті: заңның орындалу барысынан тырс еткен хабар жоқ.
Менің сізге сұрағым:
Біріншіден, активтерді қайтару ісімен айналысуы тиіс уәкілетті орган үш айдан бері неге құрылмай жатыр?
Екіншіден, елдегі әлеуметтік әділеттілікті қалыптастыруға мүдделілік танытқан Президент Тоқаевтың бұл комитетті құру жөніндегі осыдан біржарым ай бұрынғы өкімі (жарлығы) неге орындалмауда? Бас прокуратураның құрамындағы бұл комитетті жедел құруға қандай жағдайлар кедергі болып тұр?
Дәл осы сұрақтың жалғасын ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловқа қойғым келеді:
Заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі үкімет жасақтауы тиіс комиссия үш айдан бері неге құрылмай жатыр? Президент Қ.Тоқаевтың өкімін шұғыл орындауға неге салғырттық танытып отырсыздар?
Әлде «Казтелеком», «Транстелеком», «Кегок» сияқты ұлттық компанияларды және елдің гидроэлектр саласын «ескі» Қазақстанның қожайыны ақыр соңына дейін иеленіп алуына мүмкіндік жасап отырсыздар ма? Ұрланған қазынаның қайтарына деген халықтың үзілер-үзілмес үмітіне үкімет неге демеу бола алмай отыр? Бұл жайбарақаттың себебін депутаттарға түсіндіріп беруіңізді сұраймын!
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің депутаттары Е. Бапи
Б. Базарбек
А. Құспан
Г. Танашева
Қ.Иса