Бүгін Аграрлық Комитеттің отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының заң жобасын қарап шықтық.
Қытай елі Қазақстан Республикасының негізгі сауда әріптестерінің бірі. Сондықтан да, жыл сайын екі ел арасында автокөлікпен жүк тасымалдау көлемі қарқынды дамып келеді. Тек автокөлікпен 2023 жылдың өзінде 1,8 млн. тонна жүк тасымалданыпты. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда екі есе көп.
Бүгінгі күні жүк тасымалдары шекара маңындағы аудандар арқылы жүзеге асырылатын болса, бұл Келісімді ратификациялағаннан кейін, біздің автотасымалдаушылар Қытайдың ірі қалалары мен халықаралық теңіз порттарына және Қытай арқылы Оңтүстік Корея, Монголия және т.б. үшінші елдерге өту мүмкіншігі болады.
Онымен қоса, қазір «Нұр-Жолы» – «Қорғас» өткізу пунктінің жұмысы тәулік бойы режиміне ауыстырылды. «Қолжат» өткізу пунктінде модернизация жұмыстары жасалып, тәулігіне 150-ден 750 бірлікке өткізу қабілеті ұлғайды.
Алдағы уақытта, Алматы облысының Нарынқол ауылы мен ШҚО Марқакөлдің тұсында Қытаймен мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерін ашу жоспарлануда. Осының бәрін ескере келіп, бұл заң жобасын қабылдау екі мемлекет арасындағы транзиттік-көліктік әлеуетті жақсартуға, сауда-экономикалық, саяси ынтымақтастығының тиімділігін арттыруға және Қазақстан-Қытай жүк тасымалдарының нарығын белсенді игеруге ынталандырады деп, қолдау көрсеттік.