2023 жылғы 8 желтоқсан күні ҚР Ұлттық кітапханасында (Алматы қаласын) «Qyr balasy» білім, ғылым қорының 5 жылдық мерейтойына арналған «БОСТАНДЫҚ БЕРГЕН ЕР ҮШІН!» республикалық жас алаштанушылар форумы (ALASH FEST) өтті.
Шараға Алаш зиялылары А.Байтұрсыновтың, Қ.Байғабылұлының, Қ.Кемеңгерұлының, М.Тынышпаевтың, Ы.Жайнақтың, т.б. ұрпақтары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, алаштанушылар мен тарихшылар, ақын-жазушылар, кітапхана оқырмандары және БАҚ өкілдері қатысты.
Форум модераторы – балалар жазушысы, алаштанушы ғалым, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Елдос Тоқтарбай.
Тарихшы ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелді, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров, әнші Бағлан Әбдіраимов сөз сөйлеп, «Qyr balasy» білім, ғылым қорының атқарып жатқан ауқымды жұмыстарын атап өтті.
Әдеби-ғылыми еңбектерімен ерекше көзге түсіп, Алаш зиялыларын зерттеуде үлкен үлес қосқан жас ғалымдарға республикалық «Алаш үміті» әдеби-ғылыми сыйлығы, стипендиясы табысталды.
Шара аясында Ә. Бөкейхан «Алаш» ҒЗИ мен «Qyr balasy» білім, ғылым қорының бастамасымен, зерттеу жұмыстарының нәтижесінде «Алаш кітапханасы», «Ұлтты оятқан ұлы сөз» сериясы бойынша жарық көрген жаңа кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті.
Сонымен қатар, ҚР Ұлттық кітапханасының сирек кездесетін кітаптар және қолжазбалар қорынан «Алаш қайраткерлерінің рухани мұрасы-ұлт зердесі» атты Алаш қайраткерлерінің түпнұсқа еңбектерінің көрмесі ұсынылды.