Даңқты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының қанжары 111 жылдан соң Астанадағы Ұлттық музейге тапсырылды.
Бұған дейін қолдан-қолға өтіп келген қанжарды әлем жұртшылығын таңғалдырған балуанға 1912 жылы Ыстанбұлдың әкімі Шағыр паша сыйға тартқан. Мұнда араб және көне түрік-осман тілінде «Күшті, жеңілмейтін Мұңайтпасов Мұқанға» деп жазылған. Екінші бетінде «Бізден, қажылықтан естелік, Шағыр паша, 1330 жыл» деп жазылған.
«Осы қанжар маған көрсетілді. Содан кейін белгілі бір адамдарға сатылайын деп жатқан жерінен, қолды болып кетейін деп жатқан жерінен мен айттым жоқ бұл қазақ еліне келгеннен кейін музейде тұруы керек. Оны біздің ұрпақтарымыз көру керек. Және ол тарихи жәдігер елге қайту керек, ол – халықтыкі», - деді Парламент Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров.