Сәрсенғалиев
Нартай
Аралбайұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
04.07.2023 Ж., БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

🚨БҚО-на сапарым барысында Бәйтерек ауданына арнайы бардым. Оралдың іргесінде тұрды демесеңіз бұл аудандағы ауылдар заманауи игіліктің көбінен қағылған. Ағайынның арызы көп, базынасы басым.

🚨Бәйтерек ауданына келгенде бірінші Макаров ауылына табан тіредім. Қаладан 12 шақырым жердегі Макаров пен Оралдың арасына бір автобус қана қатынайды. Халықтың көбі қалада қызмет ететінін ескерсек автобустағы алапатты елестете беріңіз. Ол аздай үлкен автобус жиі бұзылады, біз барғанда да солай. Салдарынан қала мен ауылдың арасында 14 адамдық газель ғана қатынап жүр. Адам тіпті сыймайды!

🚨Макаровта дәріхана жоқ! Халық бір таблетка алу үшін аудан аралап ондаған шақырымды шарлап кетеді!

🚨Макаровта аурухана жоқ, тек амбулатория тұр. Бұл тіпті ақылға сыйымсыз тірлік. Мәселе бұрын бекітіліп кеткен тәртіпте. 2000 адамнан аз тұратын елді-мекенге аурухана салынбайды деген тәртіп бар. Макаровта 1700 адам тұрады, әлгі тәртіптің салдарынан ауылға аурухана салынбайды. Бұл тәртіпті заңнамалық тұрғыда өзгерту қажет, жұмыстанамыз. Себебі аталған ереженің салдарынан қаншама ауыл ауруханасыз отыр.

🚨Макаров ауылына Мәдениет үйі керек. Жастарға уақыт өткізетін орын жоқ. Ауылға Мәдениет үйін салу үшін 620 млн теңге қажет, жергілікті билік бұл шаруа бүгін-ертең шешілмейді деді. Десе де жастардың қажеттілігін қанағаттандыру қажет! Жұмыстанамыз.

🚨Макаровтағы мектеп жөндеуді талап етеді. Шығын көлемі 487 млн теңге. Бұл шаруаны да жеделдету қажет. Бақылаймыз!

🚨Интернет нашар.

🚨Бәйтерек ауданындағы ауылдардың көбінде жол жоқ. Нашар! Су да жоқ, ол баяғы ереженің салдары. 200 адамнан аз тұратын елді-мекендерге орталықтандырылған су тартылмайды. Мұны да түзету керек. Себебі еліміздегі қаншама ауыл осы ережелердің салдарынан сусыз, ауруханасыз, интернетсіз отыр!

…мәселелерді жазып алдық. Жергілікті жерде шешілетіндерін жергілікті шенділер реттейді, бақылаймыз. Орталықта қарастырылатындарын өзімізбен әкетеміз…